«2 миллиард доллар»: Эпштейннің хатында Әлиев пен Назарбаевтың есімдері де аталады
Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейннің даулы ісіне қатысты ішкі құжаттардың арасында Қазақстанның бірінші президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевке қатысты мәліметтер көпшілікке жария болды, деп жазады Азаттық радиосы.
Құжат Әлиевтің сол кездегі президент Назарбаевпен көп жылғы текетіресінен хабар береді.
Эпштейн 2011 жылғы 8 қарашада өз адвокаты Рид Уайнгартенге жазған электрон хаты деп көрсетілген құжат "Рахат Әлиев мырза өз ісін Вашингтонға жеткізу арқылы түрлі мақсат көздеді" деп басталады. Хат авторының сөзінше, Еуропада тұрып жатқан Әлиев "түрлі амалдармен АҚШ-тан пана табуды көздеп, "бизнесі тәркіленгеннен кейін" жоғалтқан 2 млрд доллар қаражатты қайтару талпынысында Вашингтонның көмегіне жүгініп, қолдау тапқысы келген. Эпштейн хатында Әлиевтің "АҚШ дипломаттары арқылы Назарбаевтың беделіне нұқсан келтіруді көздегенін" айтқан.
Хат мазмұнына қарағанда, АҚШ билігі, Назарбаев қалағандай, оның Әлиевпен арадағы дау-дамайына араласуға құлық танытпаған.
"Қазақстан басшыcы америкалықтардың бұл дауға араласпайтынына сенімді болғысы келді және оның үкіметіне әсер етуіне жол бермейді. Обама әкімшілігі дәл солай жасады. Өзінің құпия дипломатиялық хабарламаларында Қазақстандағы бұрынғы елші ол бұл дауға араласуға аса сақтықпен қарайтындығын айқын білдірді", – деп жазған Эпштейн.
Эпштейн хатында сілтеме жасаған АҚШ елшісінің құпия дипломатиялық хат-хабарлары кезінде WikiLeaks сайты көпшілікке жария еткен құпия құжаттарда айтылған еді. Эпштейн хаты жазылған кезде, яғни 2008 жылы қараша айында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болып Ричард Хоугланд істеген. Ол бұл қызметті 2008 жылғы қыркүйектен 2011 жылдың басына дейін атқарды.
Эпштейннің адвокаты Уайнгартенге жазған хатында 2008 жылы Рахат Әлиев АҚШ-тағы шағын лобби фирмасын жалдап, Конгресс мүшелерімен байланыста болғаны, лобби компаниясы 2010 жылға дейін Әлиевтің мүддесін қорғағаны айтылған.
Хат авторының сөзінше, Рахат Әлиев өзіне "жалған айыптар" тағылғанын айтып, өзін "режим құрбаны" етіп көрсетуді және америкалық лоббистердің көмегімен Конгресстің бірнеше мүшесін Қазақстандағы адам құқықтары ахуалын сынауға жұмылдырып, Назарбаев режимінің беделін түсіруді көздеген.
"Назарбаев мырза – жасы 70-те, бұрынғы металлург, совет дәуіріндегі партия қайраткері, жиырма жылдан бері билік басында, Орталық Азиядағы ең қарқынды экономиканы басқарып отыр. Алайда құқық қорғаушылар оны оппозиция өкілдерін қуғындады деп ұзақ уақыттан бері сынап келеді. Әлиев мырза – жасы 48-де, бұрын салық полициясының басшысы, сыртқы істер министрінің орынбасары және Қазақстандағы КГБ-ның баламасы саналатын мекеменің жетекшісі болған. Бірақ сыншылар ол туралы ықпалын пайдаланып, компанияларды тартып алғанын, кейде күш қолдану арқылы қорқытқанын айтты. Бұдан бөлек, Әлиев АҚШ Әділет департаментіне бұрынғы қайынатасының америкалық мұнай компанияларынан Қазақстандағы кен орындарын игеру үшін пара алғанын дәлелдейтін құжаттарды беруге дайын екенін хабарлаған", – деп жазылған АҚШ-та жария болған "Эпштейн деректерінде".
Қазақстанда ұзақ уақыт бойы лауазымды қызметтер атқарып, президент қайынатасы Назарбаевпен араздасқаннан кейін шетелге кетіп қалған Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесіндегі жалғыз кісілік камерадан өлі табылған. Австрия билігі оның суицидтен қайтыс болғанын мәлімдеді. Бірақ Әлиевтің екінші әйелі жалдаған адвокаттар ол кісі қолынан өлген болуы мүмкін деген долбар жасаған.
"ЭПШТЕЙН ДЕРЕКТЕРІ" ТУРАЛЫ ЗАҢ
АҚШ-тың саяси және қаржы элитасымен кең ауқымды байланысы болған қаржыгер Джеффри Эпштейн ісі АҚШ-та ерекше назарға ілікті. Оның таныстары қатарында бұрынғы президент Билл Клинтон, Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг, т.б. аталды. 1990-жылдары Дональд Трамп та Эпштейнмен араласқан.
Джеффри Эпштейн кәмелетке толмағандарға жыныстық қылмыс жасады деген айыппен сотталып, жаңа сот процесі болатынын күтіп түрмеде жатқан шақта, 2019 жылы көз жұмған. Билік "ол өзіне қол салған" деп хабарлады. АҚШ-та оның есімі демократтар мен республикашылдар арасындағы қызу тартыстың өзегіне айналды.
Дональд Трамп АҚШ прездиенті болып екінші мерзімге қайта сайланғаннан кейін, 2025 жылғы қарашада елдің әділет министрлігін Джеффри Эпштейнге қатысты барлық құжаттарды жариялауға міндеттейтін заңға қол қойды. 18 қарашада заң жобасын АҚШ Конгрессі өкілдер палатасы мен сенаты мақұлдаған. Оның алдында Трамп Эпштейн ісі бойынша федералдық тергеу барысында жинақталған деректерді жариялауға уәде бергенімен, онысы орындалмай, президентті сынға алған бірқатар республикашыл заң шығарушы аталған заң жобасына бастамашы болған еді.
Бұған дейін Эпштейнге қатысты жарияланып кеткен материалдарда бұрын Қазақстанның экономика министрі, Ұлттық банк төрағасы және президент әкімшілігінің басшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарған Қайрат Келімбетовтің де есімі аталған. Құжаттардың бірінде Эпштейннің үйіне таңғы асқа бірнеше адам келгені, арасында Израильдің бұрынғы премьері Эхуд Барак, АҚШ әкімшілігінің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерімен қатар сол кезде Қазақстанның ұлттық банкін басқарған Қайрат Келімбетов те болғаны жазылған.
Келімбетовпен нақты қандай мәселе талқыланғаны құжатта айтылмайды. Алайда жалпы алғанда кездесу барысында халықаралық нарық, геосаясат, жоғары технология және ғаламдық трендтер талқыланған.
Сіздің реакцияңыз қандай?