«2014 жылғы Malaysia Airlines ұшағының апатына Ресей кінәлі» - Халықаралық азаматтық авиация ұйымы
2014 жылғы 17 шілдеде Malaysia Airlines компаниясының жолаушы ұшағы Донецк облысы аумағына құлаған. Апат салдарынан 298 адам қаза тапты.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) кеңесі 2014 жылы Донбасс аумағында Malaysia Airlines әуе компаниясының MH17 жолаушы рейсі ұшағының апатқа ұшырауына Ресей жауапты деген байлам жасаған. Мұны Нидерланд үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәлімдемеде ICAO кеңесі Ресей халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның, яғни Чикаго конвенциясының ережелерін бұзған деген қорытындыға келгені айтылған.
"Кеңес бұған қоса өтемақы мәселесін қарайды және Ресейдің Нидерланд пен Австралиямен келіссөздерге кіріскенін күтеді. Біз бұл істе кеңестің белсенді қолдауына үміт артамыз", — деп жазылған Нидерланд үкіметінің ресми сайтындағы хабарламада.
Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрлігі ICAO кеңесінде Нидерландымен және Австралиямен бірге ұшақ апатын анықтау ісіне қатысуды доғаратынын мәлімдеген. Сонымен бірге, Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті қарары аясында ұшақ апатының себептерін анықтауға дайын екенін айтқан.2014 жылғы 17 шілдеде Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған Malaysia Airlines компаниясының жолаушы ұшағы Донецк облысы аумағына құлаған. Халықаралық тергеу ұшаққа Донбасқа Ресейден әкелінген "Бук" зениттік-зымыран кешенінен атылған зымыран тигенін анықтады. Апат салдарынан ұшақтағы кісілердің бәрі –298 адам қаза тапты.
2022 жылғы 17 қарашада Гаага округтік соты ұшақ апатына байланысты айып тағылған үш адамды — Игорь Гиркин (Стрелков), Сергей Дубинский және Леонид Харченконы өмір бойына бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарды. Тергеу жолаушы ұшағын атып түсірген "Бук" кешенін тасымалдауды сол үшеуі ұйымдастырғанын анықтаған.
Мәскеу ұшақ апатына байланысты кінәні мойындаудан бас тартып, халықаралық тергеу деректеріне сенбейтінін мәлімдеген. Ресей тарапы "Боинг" жолаушы ұшағының апатқа ұшырауына Украина кінәлі деген, алайда 2014 жылғы 17 шілдеде не болғаны жайлы нақты өз нұсқасын келтірмейді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






