Бас прокуратура: Семейдегі орман өртінің себебі – найзағай

Қараша 10, 2023 - 15:50
Қараша 13, 2023 - 12:37
Бас прокуратура: Семейдегі орман өртінің себебі – найзағай

Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды sadaqmedia

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық іс аяқтап, қазанның 27-сі  күні іс сотқа жолданған.

Айта кетейік, 2023 жылы маусымда Абай облысының Батпаев орман шаруашылығына қарасты «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өрт болған. Тілсіз жау  60 мың гектар орман қорын жойып, апат кезінде «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болған еді. Ресми орган өрттің себебін анықтаған.  

«Тергеп-тексерумен анықталғандай, өрттің шығу себебі қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай, ол жер жамылғысының тұтануына себеп болған. Аталған нұсқа сарапшы, маман қорытындыларымен, фото/видео түсірілімдерімен, куәлардың айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен расталады», - деп хабарлады Бас прокуратура. 

Қылмыстық іске сәйкес, өрт кезінде «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген, нәтижесінде 14 тұлғаның өліміне әкеліп соққан. Қазір ол тұлғалар үйқамақта отыр. Егер кінәлары дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген

«Экология және табиғи ресурстар және төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Мамандардың қорытындылары алынғаннан соң барлық лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», - деп хабарлады Бас прокуратура.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow