«23 млн теңге әкеліп берді»: Үйінен айырылып қала жаздаған профессор қуанышты жаңалығын бөлісті

Алаяқтарға алданып, үйінен айрылып қала жаздаған профессор Кәкен Қамзин қуанышты жаңалығын айтып, көпшілікке алғыс білдірді, – деп хабарлайды Sadaq.kz.
Профессор алаяқтардың арбауына түсіп, қиын жағдайға тап болғанда қолдау білдірген жанашыр жандар көп болғанын айтты. Сонымен қатар алаяқтар жымқырған 32 млн теңгенің жиналғанын қуана жеткізді. Халық тоғыз млн теңгеден аса қаражат жинап берсе, бір қайырымды азамат үлкен көлемдегі қаражатты ұсынған.
“Құрметті ағайын!
Бір жарым ай бұрын баспанамнан айрылып қала жаздаған ауыр жағдай бастан өтті. Өкінішке қарай, алаяқтарға алданып, үйімді қайтарып алу үшін шілденің 5-інен бастап ел-жұрттан «жылу» жинауға мәжбүр болдым. Бұл мен үшін де, отбасым үшін де оңай шешім болмады. “Өлімнен ұят күшті” дейді. Бірақ сіздердің шынайы жанашырлықтарыңыз, қолдауларыңыз, жылы сөздеріңіз бізге үміт сыйлады.
Аллаға мың да бір шүкір, бүгін сол «жылу» жинауды ресми түрде тоқтататынымды қуана хабарлаймын. Осылайша, жиналған қаражат 9 529 836 теңгеге жетті.
Ал енді ең күтпеген әрі жүректі елжіреткен сәт, бүгін бір қайырымды азамат (аты-жөнін айтпауды сұрады) жетпей тұрған үлкен соманың барлығын (23 млн теңге) қолма-қол әкеліп берді. Бұл тек қаржылай көмек қана емес, бұл - сенімнің, бірліктің, мейірімнің нағыз көрінісі. Ол азаматқа Алла разы болсын! Отбасына, өзіне тек жақсылық тілеймін! Ризашылығымды білдіремін!
Енді Алланың қалауымен сатып алушы отбасыға толық ақшасын табыстап, үйді өз атыма қайта рәсімдеуге кірісеміз.
Мен осы жолда көмек көрсеткен, тілектес болған баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын! Біреу жылы сөзін аямады, біреу қаржы аударды, бір бауырым келіп сұхбат алды, біреу дұға жасады, бәрінің орны бөлек.
Бұл оқиға маған бір нәрсені анық дәлелдеді: қазақтың бауырмалдығы, бір-біріне деген жанашырлығы әлі де бар, жоғалған жоқ. Алла баршаңызға разы болсын!
Шынайы құрметпен, Кәкен Қамзин”,- деп жазды профессор.
Сіздің реакцияңыз қандай?






