Сондай-ақ, «Дүниежүзілік тазалық күні» (World Cleanup Day) аумақты тазарту, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды абаттандыру шаралары өтеді. Елімізде бұл науқанды Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, «Жасыл» және G-Global даму коалициясы, «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалысы, «Zhasyl Qalqan» ұйымы өткізеді.
«Таза Қазақстан» − бастамадан тұжырымдамаға дейін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылдың сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған еді. Көктемгі су тасқынымен арпалысқан шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне босаңсымай, айналаны тазалау, абаттандыру ісіне дереу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұрақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті.
− Су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бір реттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек, − деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында.
Нәтижесінде, өткен жылы «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына 2,4 миллион адам қатысып, жүздеген мың аула мен аумақ тазартылған, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылған. Шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды, 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды.
Бес мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метрден аса арық тазартылды.
Экология министрлігінің хабарлауынша, 2019-2023 жылдары елімізде орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Егер өткен 5 жылда акцияларға 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналып, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылса, 2024 жылы экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 миллион ағаш егілді.
Сонымен бірге, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысты.