«35 млн жинап беремін»: Қажылыққа «апаратын» «Робин гуд» сотталып жатыр

Қыркүйек 25, 2025 - 20:24
«35 млн жинап беремін»: Қажылыққа «апаратын» «Робин гуд» сотталып жатыр
Фото: Orda.kz

Алматыда Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сотта жәбірленушілер сөз сөйледі. Дүйсеева: «қажылыққа арзан бағамен апарамын» деп елді миллиондаған қаражатқа алдаса, Сариев науқастардың сеніміне кіріп: «халыққа 35 млн жинап беремін» деп қызметі үшін 1,5 млн теңге талап еткен. 

Orda.kz тілшісі жәбірленушілердің жауаптарын сот залында тыңдап, тікелей ақпарат таратты.

Алмалы аудандық сотында әлеуметтік желіде qazaq_robin_hood деген лақап атымен танылған «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев пен «MM Travel» туристік фирмасының директоры Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысында жәбірленушілерден жауап алу жалғасты. Бүгін бас-аяғы тоғыз жәбірленуші сот алдында жауап берді. 

Жалпы сотта екі эпизод бойынша жиырама жеті іс қаралып жатыр. Сариев бойынша алты жәбірленуші, қалған жәбірленушілердің ісі Ақтоты Дүйсееваға қатысты.

Бүгінгі сот отырысын судья «MM Travel» туристік фирмасынан зардап шеккен жәбірленушілерден жауап алудан бастады. Алғашқы болып Жамал Жақсылықова жауап берді. Ол 2025 жылдың наурызында болған оқиғаны айтып берді. 

Жақсылықованың айтуынша, Дүйсеева Меккеге апармыз деп ақшаны алып алған соң, бірде «ұшақ ұшпады» десе, енді бірде басқа сылтау айтып ақыры сапарға апармаған. Бастапқыда Дүйсеева мен Сариев: «ақшаны қайтарамыз» деп айтқан. Тіпті Дүйсеева: «қаражатты қайтарамыз» деп қолхат та жазып беріпті. Жәбірленуші «MM Travel» шотына 1 млн 100 теңге аударған, бұл дегеніміз екі адамға 550 мың теңгеден берілген қаражат. Яғни, «MM Travel» бір реттік акция ретінде осындай арзан бағамен жарнама жасап, елдердің қызығушылығын оятқан.

«Мен бұлардың жарнамасына сеніп қалдым. Себебі мен осыдан бірнеше жыл бұрын да осылай Инстаграмнанinstagram-нан көріп, ақшасын аударып жібердім. Ол кездері мен Алматыға келіп, ары қарай Меккеге ұшып кеттік, ешқандай мәселе болмады. Сондықтан мен бұл жарнамаға сеніп қалдым. Әрі бағасы да бұрынғы бағалардан әлдеқайда арзан болды. Сариев басында: «бұл мәселені менеджерлердің кінәсі» деп түсіндірді. «Дүйсеева Астанада осыны шешіп береді, сіздер ұшасыздар қажылыққа» деп айтты. Алайда, біз сол кезде айттық: «керек емес ақшаны қайтарып берсін» деп, оған құлақ аспады. Мен бұл компанияға ақша аударған себебім, Сариев әлеуметік желіде жарнама жасаған соң осы кісінің компаниясы деп сеніп келдім. Бізге тіпті «егер өлмесем, сіздерге осы ақшаны өзім қайтарып беремін» деген сөздерді Сариев өз аузымен айтты», – деді Жақсылықова.
Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

Ал Сариев сотта бұл Жақсылықованың жауаптары шындыққа жанаспайтынын айтып, мойындамайтынын,  «MM Travel» компаниясын жарнамалағаннан басқа ешқандай қатысы жоқ екенін, әрі бір тиын да алмағанын жеткізді. 

«Мен бұл компанияны жарнамаладым және сіздер қажылыққа ұша алмаған соң барып, сіздердің мәселелеріңізді тыңдағаным рас. Бірақ менің бұл компанияның қаржысына ешқандай қатысым жоқ. Мен бір тиын да алмадым. Мен бұған дейін де бұл компаниядан басқа да осыған ұқсас компанияларды да жарнамаладым. Оған қоса мен сіздерге ақшаны тауып беремін деп айтпадым», – деді Сариев. 

Сонымен қатар, Жақсыловқа сотта қажылыққа ұша алмаған соң, адамдарда WhatsApp-та чат ашып: «ақшаны қайтарып береміз, ешқайда арыз жазбаңыздар» деп айтқан дәл осы Сариев екенін айтты. Бастапқыда Дүйсеева: «барлық ақша төлегендерге сәуірдің басында қажылыққа ұшамыз» деп уәде берген екен. 

Сотта «MM Travel-ге» алданған тағы бір жәбірленуші Айгүл Қалқаевадан жауап алынды.

Айта кетейік, «MM Travel» бас-аяғы 30 адамнан «қажылыққа арзан бағамен апарамыз» деп қаражат алған.

Қалқаеваның айтуынша, ол ақшаны жеті адамға қажылыққа деп «MM Travel-дің» офисіне келіп өзі санап берген. Сол кезде Дүйсееваға ақшаны санап қолына ұстатқан кезде не мөрдің, не чектің болмағанын айтты. Ал жәбірленуші сұраған кезде: «біз ондай бермейміз» деп айтқан.  Айгүл Қалқаева оған көнбей чек пен мөр сұраған соң: «кешке қарай мөрмен төленген қағаздарды жібереміз» деп шығарып салыпты.

«Біз бұлардың артынан салпаңдап жүрдік. «Ақшаларыңызды бір таныс бай ағаларымыз бар, солардан кешке дейін тауып береміз» деп, алдап екеуі де жоқ болды. Ақтоты Дүйсееваға қолма-қол санап бердім. Мен чек пен мөр сұрағанда Маған Дүйсеева: «уайымдамаңыз, қасиетті жерге барамыз ғой, ешкімді алдамаймыз» деп сеніміме кіріп алды. Енді менің төлеген 3 миллион 300 мың теңгемді қайтарсын деп талап етемін», – деді Қалқаева.

Үшінші жәбірленуші Серікбаева анасына деп арнап қажылыққа «MM Travel-ден» жолдама алып, сол сәтте 550 мың теңге компанияның шотына аударыпты. Сотта жәбірленуші егер Дүйсеева ақшаны қайтарса, кешірім беретін жеткізді.

Төртінші жәбірленуші Тамара Оразақынқызы бастапқыда 7 сәуірде ұша алмай қалған соң, Сариев: «бәрін жинап, мен жауап беремін, мен төлеймін» деп айтыпты. Оразақынқызы бұл компанияға қажылыққа барамыз деп 1 миллион 160 мың теңге төлеген екен.

«Сол кезде Сариевке: «неге жап-жас болып мұндай тірлік жасап жүрсің сотталып кетесің ғой?» дегенде, ол бізге: «мен соталып көргенмін. Ал егер қазір мені соттасаңыздар, ақшаны кім сіздерге қайтарады» деп бетімізге айтты. Ақшамызды талап еткенде бізбен тек Сариев қана сөйлесіп жүрді. Егер мұның компанияға қатысы жоқ болса, неге сол жерде ақшаны қайтарып беремін деп жүрді?», — деді жәбірленуші.
Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

«MM Travel-ге» алданған бесінші жәбірленуші Дүйсееваның шотына 1 млн 400 мың теңгенің жартысын аудармамен, ал жартысын қолма-қол берген. Сонымен қатар, қаражатты компанияға бергенімен артынша, шу шыққанда Сариевтің өзі келіп, ақшаны қайтарып беретінін айтқан екен. 

Сот алдына келген алтыншы жәбірленуші Тілеген Тынысов 1 млн 380 мың теңгені қажылыққа барамын деп ниет етіп компанияға аударып, артынша сан соғып қалды. Бұл жолы да Тынысовпен Сариев сөйлескен екен. Ол: «дәл сол қаражатты қайтарамыз» деп уәде еткен.

 «MM Travel-ге» алданған жетінші жәбірленуші Зарина Абайқызы сотта Сариевтің жай ғана жарнама жасаушы болса да компанияның басшысы Ақтоты Дүйсееваның атынан сөйлеп, ақшаны қайтарамыз деп уәдені үйіп-төгіп береміз деп айтқанын жеткізді. 
«7 сәуірден бастап 10 сәуірге дейін бізге қырық сылтау айтып, Дүйсеева мен Сариев арыз жазбауымызды сұрады. Бұл істе резонанс тудырып, журналист Руслан Өтепбайды да шақырған едім. Ең қызығы ақшаның барлығын алған Дүйсееваға біз полиция бөлмішесінде қандай сұрақ қойсақ та жауап бермеді. Неге «MM Travel-дің» басшысы болса да сұрақтарымыздың біріне жауап бермеді. Барлық сұраққа жауапты «компанияға қатысым жоқ» деп отырған Сариев айтып отыр. Ол бізбен сөйлесіп ақшаны қайтаратынын айтты. Оның барлығы Руслан Өтепбайдың бағдарламасында жазылған», – деді Абайқызы. 

Сонымен қатар, жәбірленуші қажылыққа деп салған 1 млн 200 мың теңгемен қатар Алматыда он күн бойы осы іс бойынша жүргенде кеткен қонақжай мен жолдың ақшасын өтеп беруді талап етті. 

Сегізінші жәбірленуші қажылыққа барамыз деп 2 млн 300 мың теңге қаражат аударғанын айтты. Сондай-ақ, Ақтоты Дүйсеева мен Сариеваның барлық істеген алаяқтығы үшін жазасын алуын әрі ақшасын қайтарып беруін талап етті. 

Оған қоса дәл осы жәбірленушінің айтуынша, Сариев келіп, өзін Дүйсееваның көмекшісімін деп таныстырыпты. Ал сотта Сариев «MM Travel-ге» еш қатысы жоқ екенін айтып: «компания ашылған кезде тек жарнамаладым, қаражатқа да қатысым жоқ» деген позициядан еш таймай отыр.

«1,5 млн берсең, 35 млн теңге халықтан жинап беремін»

Сотта сөз сөйлеген тоғызыншы Құжамжарова Бағлан Сариевке қатысты эпизодтағы жәбірленуші.

2024 жылы 18  желтоқсанда Сариевпен кездесіп, ағасының бауыры ауыратынын айтыпты. Сол кездесуде Сариев бірден 35 миллион жинап беретінін айтқан. Алайда халықтан жылу жинамас бұрын өзінің қызметі үшін 1,5 млн беру керек екенін айтыпты.

«Артынша олар ағамның диализ алып жатқан сәтін видеоға түсіріп алып кетті. Біз оған бастапқыда бірден беретін ақшамыз жоқ екенінін айтып бес жүз мың теңге аударып жібердік. Себебі Сариев бізге: «35 миллион жинап беремін, бірақ маған қызметім үшін 1,5 миллион бересіздер» деп айтты да, артынша жоқ болды. Хабарласып іздесек жауап бермеді. Түсіріп алып кеткен видеосы да әлеуметтік желге жарияланбады», – деді жәбірленуші.

Бұған қатысты, Сариев сотта бес жүз мың теңгенің мобилографтың еңбегі мен жол-пұлына төленуі керек болған соң, алғанын Құжамжарованы алдау ниеті болмағанын жеткізді. Сонымен қатар, сотта Құжамжарова ақшасын қайтарса, кешірім беретінін айтты. 

Келесі сот отырысы 2 қазанда жалғасады. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow