«4 жасар баланың бір құлағы естімей қалған»: Ақтөбеде балаға қате диагноз қойған дәрігерлер өтемақы төлеуге міндеттелді
Ақтөбе 4 жасар қызға бірнеше ауруханада дұрыс диагноз қойылмай, тиісті ем тағайындалмаған. Салдарынан баланың бір құлағы естімей қалып, Алматыда оған бас сүйегінің трепанациясы жасалып, шіріп кеткен сүйектің орны пластинамен жабылды, деп жазады "Диапазон".
Басылымның жазуынша, кішкентай пациентке бастапқыда жеке клиникада "іріңді отит" диагнозын, ал сәл кейінірек басқа клиника дәрігерлері "сол жақ бет жүйкесінің невралгиясы" диагнозын қойған. Емделуге Ақтөбедегі қалалық балалар ауруханасына жіберген.
Мұнда оған тағы бірнеше диагноз қойылып, физиоем тағайындалған, ал бұл ем іріңді отит кезінде мүлдем рұқсат етілмейді. Салдарынан баланың жағдайы одан сайын нашарлап кеткен. Баланың емі облыстық балалар ауруханасында жалғасып, оған шұғыл операция жасалған.
Осы ауруханада ұзақ уақыт бойы ол медикаментозды ем алмаған, антибиотиктер тағайындалмай, тек таңу жұмыстары жүргізілген (сот-медициналық экспертизасының қорытындысынан). Баланың жағдайы жақсармаған.
Облыстық ауруханаға қайта жатқызылғаннан кейін медиктер консилиум өткізіп, оның қорытындысы бойынша емді анықтаған. Алайда бұдан да қыздың жағдайы жақсара қоймапты. Соңында анасы баланы Алматыдағы республикалық клиникаға апаруға мәжбүр болған. Бұл 2023 жылы болған. Анасы қате диагностика мен ем үшін ақтөбелік дәрігерлердің үстінен сотқа арыз берді.
Талап арызында ол отитті қате емдеу инфекцияның пайда болуына әкеп соққанын, уақытында ем дұрыс тағайындалмағандықтан, бас сүйегіне резекциялық трепанация жасауға тура келгенін, бастың ішіндегі сүйектің шіріп, орны арнайы пластинамен жабылғанын атап өтті.
Осы сұмдық азаптың салдарынан қыздың бір құлағы естімей, екіншісінде шуыл қалған. Оған бірінші дәрежедегі кереңдік диагнозы қойылды.
Ақтөбе облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі алқасы қалалық және облыстық балалар ауруханаларын зардап шеккен пациентке моральдық зиян ретінде 5 миллион теңгеден төлеуге міндеттеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0