566 млн теңге: Перизат Қайрат Израиль-Палестина соғысынан да мол пайдаға кенелген

Шілде 14, 2025 - 16:00
566 млн теңге: Перизат Қайрат Израиль-Палестина соғысынан да мол пайдаға кенелген
Фото: ғаламтордан
Мемлекеттік айыптаушы Арман Кезекен айлакер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істің айыптау актісін жария етті, деп хабарлайды Qazaq Today 

Прокурордың айтуынша, Перизат Қайраттың гуманитарлық көмек жөнелту туралы жариялаған видеоматериалдары «қоғамдық бірлестіктің гуманитарлық көмегіне қатысы жоқ және халықты алдау үшін пайдаланылған».

«2023 жылғы 1 қарашадан 2024 жылғы 1 сәуірге дейін заңды тұлғалар мен Қайраттың қылмыстық ниетін білмеген азаматтардан жалпы сомасы 566 508 031 теңге қайырымдылық ретінде түсті. Сол қаражаттың ішінен Қайрат нағыз ниетін жасырып, қайырымдылық көмегі жасалғандай көрініс жасап, 2023 жылдың маусымынан бастап 7 403 600 теңгені Палестина мемлекетінің елшілігіне аударған. Қалған 559 104 831 теңгені Қайрат пен Алашбаева өз қалаулары бойынша жұмсаған», – деді Арман Кезекен.

Прокурордың мәліметінше, 2023 жылғы 11–29 желтоқсан аралығында Қайрат 178,7 миллион теңгені өзіне тиесілі жеке кәсіпкерлік шотына «Сектор Газаға көмір, жаңа жылдық сыйлықтар алу үшін» деп көрсетіп аударған. 11 желтоқсанда Юхатова есімді адамнан 30,3 миллион теңгеге «Мерседес-Бенц» көлігін сатып алған. 14 желтоқсанда Қайрат пен Алашбаева Палестина тұрғындарына көмек ретінде жиналған қаражатқа Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 88 миллион теңгеге пәтер алған. Бұдан бөлек, тұрақты табыс көзі жасап, өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсету үшін Қайрат анасы Алашбаевамен алдын ала сөз байласып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру мақсатында Talan Gallery мен Sensata Park-та орналасқан бутиктері бар жұмыс істеп тұрған «Rebel Flowers» гүл бизнесін сатып алуды ұйғарған», – деді прокурор.

Тергеу дерегінше, «ақшаның қылмыстық шығу тегін жасыру үшін анасы кәсіпті өз атына сатып алып, кейін оны Қайратқа сыйлаған».

«Сол үшін Алашбаева гүл бизнесінің иесін келісімшартта жарғылық капиталдың құнын әдейі 2 миллион теңгеге дейін төмендетуге көндірген. 2024 жылғы 29 қаңтарда Қайрат пен Алашбаева ұрланған қаржыға Троицкадан 100 пайыз үлесті 23 миллион теңгеге сатып алған, оның 2 миллион теңгесін Қаспи арқылы, 21 миллионын қолма-қол берген. Сол ұрланған қаржыға сатып алынған бизнестен Қайрат пен Алашбаева 2024 жылғы 29 қаңтардан 15 қарашаға дейін гүл сату және флористика қызметінен 68 806 895 теңге табыс тапқан», – деді прокурор.

Тергеу қорытындысына сай, «Қайрат пен Алашбаева 2023 жылғы 1 қарашадан 2024 жылғы 1 сәуірге дейін азаматтар мен заңды тұлғаларды алдап және сенімін теріс пайдаланып, Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету сылтауымен аса ірі көлемде – 559 104 830 теңге жымқырған».

Сонымен қатар «заңсыз жолмен алынған 23 миллион теңгені заңдастырып, одан 68 806 895 теңге қылмыстық табыс тапқан».

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow