АҚШ соты Храпуновтың ұлын кінәлі деп тапты

Тамыз 27, 2025 - 12:23
АҚШ соты Храпуновтың ұлын кінәлі деп тапты
Фото: Pixabay.com

Ілияс Храпунов Нью-Йорктегі федералдық сотта кінәлі деп танылды, деп жазады sadaq.kz.

Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.  

"2025 жылдың 6 тамызында АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округі бойынша округтік соты дәлелдемелерді зерттеу арқылы өткен тыңдау қорытындысында талапкерлер – Алматы қаласы мен "БТА Банк" АҚ пайдасына шешім шығарып, Ілияс Храпуновты сотты құрметтемегені үшін кінәлі деп таныды. Бұған дейін қабылданған $221,285.31 төлеу жөніндегі міндеттемеге қоса, федералдық судья Храпуновтың өз активтері туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеген соттың нақты әрі айқын бұйрығын орындамағанын анықтады", – делінген ақпаратта.

Талап орындалмаған жағдайда оған қосымша қаржылық санкциялар қолданылатыны ескертілген. 

"Жаңа сот шешіміне сәйкес, Ілияс Храпунов өз активтері және оған қатысты шығарылған сот шешімдерін орындау үшін ақша алуға жасалған әрекеттер туралы толық мәліметті тұрақты түрде ұсынуға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда оған қосымша қаржылық санкциялар қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ Ілияс Храпунов Алматы қаласы мен БТА Банкке сотты құрметтемеуі салдарынан келген шығындарды өтеп беруге тиіс", – делінген ақпаратта.

Бұған дейін АҚШ округтік соты алқабилері іс бойынша Алматы қаласы әкімдігінің және "БТА Банкі" АҚ үшеуінің пайдасына шешім шығарған болатын.

Айта кетейік, Ілияс – Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow