Ақтаудағы ұшақ апаты: желіде оқ атуға бұйрық берген ресейлік капитанның хаты жарияланды

Әзербайжанның Minval басылымы әуе шабуылына қарсы қорғаныс капитаны, ресейлік Дмитрий Паладичуктың түсіндірме хатын жариялады. Құжат мәтінінде ол 2024 жылы 25 желтоқсанда Грозный қаласына жақындап келе жатқан Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының Embraer 190 ұшағына оқ ату туралы бұйрық бергені туралы жазған, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Minval материалында редакцияға "сенсациялық материалдар бар анонимді хат" келіп түскені айтылған. Олардың ішінде түсіндірме хаттан бөлек, ұшаққа жасалған соққы сәтте жазылған бейне және аудиожазбалар да болған.
Түсіндірме хатта нақты Embraer 190 ұшағы аталмаған. Мәтінде тек "тұман салдарынан көзге көрінбеген, ықтимал нысана анықталғаны" жазылған. Капитан Дмитрий Паладичук бұл туралы 51-дивизияның әскер басқару пунктіне хабарлап, нысанның биіктігі мен жылдамдығын жеткізген. Телефон арқылы ол "нысанды жою" туралы бұйрық алған, содан кейін операторға оқ ату туралы пәрмен берген. Алғашқы зымыран нысанаға дәл тимеген соң, Паладичук екінші мәрте оқ атуға бұйрық берген.
ресейлік әскеридің бұйрық берген туралы хат
Фото: minval.az
“The Insider” басылымының хабарлауынша, Дмитрий Паладичук расында да Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің бірнеше бөлімінде, соның ішінде Новосібірдегі Әуе-ғарыш күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғанысының 14-армиясында қызмет еткен.
Басылымның дегерінше, капитан Паладичук телефон арқылы сөйлескенде түсіндірме хаттың түпнұсқа екенін растаған.
“Паладичук әскердегі командирге “ұшаққа оқ атылғаннан кейін” түсіндірме жазғанын растады, өйткені “сұрау түсті”. Ол сондай-ақ хаттағы өзінің жазу стилін, мысалы, “ё” әрпін ерекше жазу мәнерін де мойындады. Бұдан бөлек, Паладичуктің дауысы азербайжан БАҚ-тары жариялаған видеодағы дауысқа сәйкес келеді”, – деп жазады The Insider.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.
Кейінннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.
Ал 2025 жылдың 4 ақпанында еліміздің Көлік министрлігіАқтаудағы ұшақ апатына қатысты 53 беттен тұратын есепті жариялаған. Содан кейін Әзірбайжан билігі Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer E-190 ұшағын Ресейге тиесілі Панцирь-С зениттік-зымыраны атқанын мәлімдеген.
Сіздің реакцияңыз қандай?






