Ақтөбеде радиоактивті уран сатпақ болғандар ұсталды
Ақтөбеде радиоактивті уранды заңсыз сатпақ болғандар ұсталды. Қылмыстық схема Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне белгілі болып, олар жалған сатып алушының қатысуымен арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.
Іс материалдарына сәйкес, салмағы бір келіге жуық уранды Өзбекстан Республикасының азаматы заңсыз жолмен иемденген. Кейін бұл зат Шымкент қаласындағы танысы арқылы ақтөбеліктердің қолына өткен. Олар радиоактивті затты сату үшін сатып алушылар іздеумен айналысқан.
Радиоактивті жүк Шымкенттен Ақтөбеге жеңіл көліктің жүксалғышы арқылы жеткізілген. Келісім қала сыртында жүзеге асуы тиіс болған, сатушылар уран үшін 500 мың АҚШ долларынан астам қаржы алуды жоспарлаған.
Алайда затты беру сәтінде құқық қорғау органдары оларды қолға түсірді. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың уран екені расталды.
Үш күдіктінің барлығы өз кінәсін мойындады. Сот шешімімен Ақтөбе қаласының екі тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал олардың сыбайласы бұрын сотталғаны үшін алты айға ұзақ мерзімге жаза алды. Сот үкіміне сәйкес, радиоактивті зат жойылуға жатады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0