Ақтөбедегі оқыс жағдай: өрттің шығу себебі айтылды
Өрт электр тогының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
ТЖД алдын ала болжамды айтты.
Ақтөбе облыстық ТЖД әкімдік ғимаратындағы өрттен соң брифинг өткізді. Онда өрт сөндіру мен қазіргі тергеу жұмысы туралы айтылды. Кеше жеке құрамнан 338 адам, 58 техника жұмылдырылды. Оның ішінде төтенше жағдайлар қызметінің 34 техникасы мен 130 адам бар. Полиция, Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімі де жұмыс істеді. Астана ауданы әкімдігі болса су таситын 10 көлік берді.
"Хабарлама сағат 20:21–де болды. Өрт сағат 21:19–да өрт оқшауланып, 21:52–де толық жойылды. Әкімдік ғимаратының төбе жабындысының ауданы 2 400 шаршы метр болса, оның 300 шаршы метрі жанды. Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігіне сәйкес іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Келтірілген шығынды анықтаймыз. Әкімдік ғимаратының төбесі ағаш жабындымен жабылған. Болжам бойынша өртке электр тогының қысқа тұйықталуы себеп деп есептеп отырмыз. Кабельдің жануы токтың қатты қызғанынан болуы мүмкін. Төбесінде байланыс қызметінің де тогы бар", — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары Айбат Жаңабергенов.
Оның айтуынша, 2024 жылдың қараша айында әкімдікте өрт қауіпсіздігінің ережелері тексерілді. Сол кезде 7 заң бұзу анықталып, екі ай ішінде кемшілік жойылды. Өрт-техникалық оқу-жаттығуы да өткен.
"Биыл екінші жартыжылдыққа оқу-жаттығу жоспарланып отыр. Ғимаратта дабыл жүйесі бар, бірақ ол ішінде. Ал төбесінде дабыл жүйесі болмаған соң ішіндегісі қосылмады. Өрт кезінде эвакуация жасалмады. Себебі кешкілік әкімдік қызметкерлері болмады. 109 қызметі мен күзет өздері шықты", — деді Айбат Жаңабергенов.
Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешовтің айтуынша, әкімдікте барлығы мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның тең жартысы мемлекеттік қызметші. Олар түстен кейін жұмысқа қосылады. Қалпына келтіру жұмыстары штаб шешімінде айтылады.
"2022 жылы әкімдік ғимаратына ішкі жөндеу жүргізілген. 2024 жылы шатырда ағымдағы жөндеу болды", — деді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0