Алматы облысында ұрылар үйір жылқыны атып, сойып әкеткен (видео)

Қаңтар 9, 2026 - 11:14
Қаңтар 9, 2026 - 11:20
 0  3
Алматы облысында ұрылар үйір жылқыны атып, сойып әкеткен (видео)

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылындағы шаруа қожалығында белгісіз қылмыскерлер түн ішінде екі үйір жылқыға оқ жаудырып, жаралы малды сойып, ұрлап әкеткен, деп жазады qazaqtoday.info.

Зардап шеккен фермер құзырлы органдардың жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтып отыр.  Оқиға Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылының маңында болған. Қаскөйлер жай ғана ұрлық жасап қоймай, қолдарына қару алып, екі үйір жылқыны нысанаға алған. Төрт жылқыны атып, сойып әкеткен де, қалған төртеуі ауыр жараланып, қансырап қалған.  Олар атып өлтірген жылқыларды түнімен сойып, тек етін сылып алып кеткен. Оқиға орнында малдың терісі мен басы ғана қалған.  

Шаруа қожалық иесі Қизаттың айтуынша, ол 4 қаңтар күні кешкісін малдарын түгендеп, қожалық маңына жинаған. Алайда, түн жамылған ұрылар малды Алматы-Қорғас күрежолы аумағына иіріп әкеліп, оқ атқан.  

«Түнде ұрылар жылқыға оқ жаудырған. 4 бас жылқыны сойып, етін алып кеткен. Тағы 4 жылқыға оқ тиіп, қазір қорада қансырап тұр», — дейді күйінген шаруа.

Ауыл тұрғындары полицияның жеделдігіне күмәнмен қарап отыр. Тұрғындар тәртіп сақшыларын күндізгі сағат 11:00-де шақырғанымен, жедел тергеу тобы оқиға орнына тек қараңғы түскенде, сағат 18:00 шамасында жеткен.  Фермердің сөзіне қарағанда, оқиға орнында қылмыскерлерден қалған темекі тұқылы, судың құтысы және атылмай қалған оқтар табылған. Алайда, жәбірленуші полицияның істі ашуға деген құлшынысын байқамағанын айтады.  

«Заң мен тәртіп үстемдік құратын елдегі әрекет осы ма? Полиция тек формалды түрде жұмыс істегендей болады. Әдеттегідей сылбыр, үнсіз», — деп ашынды қожалық иесі. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0