Алматыда жоғалған студенттің денесі табылды
18 жастағы Ақылбек Нұрислам 2 шілдеде із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Туыстарының айтуынша, ол тауға кеткен.

Алматы маңындағы тауларда жоғалып кеткен жігіт қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Қаза тапты. Табылды. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", – делінген Lider.kz еріктілері мәлімдемесінде.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі із-түзсіз жоғалған жас жігіттің мәйіті табылғанын растады.
"Денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", – деп мәлімдеді Алматы ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, 18 жастағы Ақылбек Нұрислам 2 шілдеде із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Туыстарының айтуынша, ол тауға кеткен. Соңғы рет оның ұялы телефоны Үлкен Алматы шатқалы аумағында тіркелген.
Іздеу жұмыстарына 40-тан астам адам қатысты. Олар Алматы қаласының құтқару қызметі (109), республикалық жедел-құтқару жасағы, ТЖД, шекара қызметі, полиция және еріктілер. Сондай-ақ іздеу барысында авиация, кинологтар мен дрондар жұмылдырылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






