«Астана LRT-ның»бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталды

Түркияда "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталды, деп хабарлады sadaq.kz.
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бас прокуратура 2019 жылдың қыркүйегінде Түркияға Қазақстанның тергеу органдары тарапынан іздеудегі Талғат Арданды экстрадициялау туралы өтініш жолдаған.
"ҰҚК оның нақты қайда жүргенін биыл анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Арданды Антальяда ұстады. Аталған қала судьясы 9 мамырда Талғат Арданды Қазақстанға дпеортациялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта ол қамауда", - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда қазақстандық тарап "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басшысын Қазақстанға жеткізудің құқықтық процедураларын қолға алып жатыр.
Астана қалалық соты Талғат Арданды лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалана отырып, аса ірі көлемде бөтеннің мүлкіне қол сұғып, ұрлық жасады деп таныды. Ол 2023 жылы мамырда сырттай тоғыз жылға сотталған болатын. Осы жылы желтоқсанда Ардан сот үкіміне шағым түсірген. Бірақ үкім өзгеріссіз қалдырылды.
2022 жылы 14 қаңтарда Талғат Ардан мен оның сыбайласы деп танылған Қанат Сұлтанбековке халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2016 жылғы 22 желтоқсанда Ардан Қытайдың мемлекеттік даму банкінен LRT құрылыс жобасына деп 257,6 миллион долларға сыртқы қарыздың алғашқы траншын заңсыз сұраған. Түскен ақша басқа мақсатта жұмсалған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






