Астанада жүкті әйел егіз баласынан айырылды

Қыркүйек 29, 2026 - 16:13
chat_bubble  0 visibility  14
Астанада жүкті әйел егіз баласынан айырылды
Фото: Pixabay

Астанадағы перинаталдық орталықтардың бірінде егізге жүкті әйел екі баласынан айырылды. Бұл туралы әйелдің туыстары Threads желісінде жазып, медициналық мекемеде тексеру жүргізуді сұрады,  деп хабарлайды Sadaq.kz.

Туыстарының мәліметінше, Әсел есімді әйелдің жүктілігінің алтыншы айында егіздерінің бірі шетінеп кеткен. Дәрігерлер оған шетінеген ұрықпен босанғанға дейін жүре беруге болатынын айтқан.

Алайда бірнеше аптадан кейін әйелдің жағдайы нашарлай бастаған. Алдымен ішінің терісі қызарып, кейін көкшіл түске өзгерген. Туыстары дәрігерлерге бірнеше рет жүгінгенімен, әйел алдымен дерматологқа жіберіліп, кейін антибиотиктермен емделген.

Анализдері күрт нашарлағаннан кейін №6 емхана әйелді портал арқылы перинаталдық орталыққа жолдаған. Туыстарының айтуынша, ауруханадағы алғашқы тексеру нәтижелері ауыр болғанына қарамастан, әйел үш күн бойы шұғыл операциясыз бақылауда жатқан.

«Біз 109 – «Ай Көмек» қызметіне шағымданғаннан кейін ғана оған дәрігер шақырылды. Ол анализдерді көріп, шұғыл түрде операция жасау туралы шешім қабылдаған», – делінген жазбада.

Операция кезінде шетінеген ұрық алынып, екінші сәби 31 аптада дүниеге келген. Салмағы 1 келі 600 грамм болған нәресте туған кезде жылаған. Алайда ол бір тәуліктен кейін сепсистен шетінеп кеткен.

«Ол бар болғаны бір күн бізбен бірге болды. Біз оған Арлан деген есім қойдық», – деп жазды туысы.

Отбасы медициналық мекемедегі жағдайды тексеруді және жауапты тұлғалардың әрекетіне баға беруді талап етіп отыр. Сонымен қатар әйелдің психологиялық жағдайына алаңдап, оған қажетті көмек көрсетуді сұраған.

Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Қазір әйел босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр, оған қажетті ем мен медициналық бақылау көрсетіліп жатыр.

«Аталған жағдай бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – делінген басқарма хабарламасында.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0