«Үйіме бейтаныс еркектер келе бастады»: Атыраулық бойжеткен 8 жыл бойы көрген сұмдықтарын жайып салды (ВИДЕО)
Интернеттегі таныстықтың салдары бала кезден бері жалғасып келе жатқан үлкен қауіпке ұласты. Атырау тұрғыны Виолетта Цоколь өзін 8 жыл бойы аңдып, қудалап келген киберсталкинг (желідегі аңду) оқиғасы туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы "Ақ жайық" басылымына сілтеме жасап Sadaq.kz хабарлайды.
23 жастағы бойжеткеннің айтуынша, ол 13-14 жастағы бала кезінде SFG (Special Forces Group) онлайн-ойынын ойнай бастаған. Осы ойында оған «Майкл Бро» есімді қолданушы достасуға ұсыныс тастаған. Алғашында қарапайым таныстық ретінде басталғанымен, кейінірек бұл адамның хаттары шектен шығып, Виолетта оны бұғаттауға мәжбүр болды.
Киев қаласының тұрғыны байланыс үзілгеннен кейін кек алу мақсатында қыздың суреттерін заңсыз қолданып, ондаған жалған аккаунттар ашқан. Қудалаушы оның атынан арандатушылық жазбалар жариялап, бөгде адамдармен интим сипаттағы хат алмасулар жүргізген.
«Маған: "Мен сенің тісіңді қағып аламын, мен міндетті түрде келемін" деген сияқты жеке басыма бағытталған хаттар жазды. Бұл — нағыз маньяк, оның әрекеттерінде ешқандай сау логика жоқ», — дейді бойжеткен.
Соңғы кездері жағдайдың ушыққаны байқалған. Қудалаушы қыздың атынан діни орындар туралы балағат сөздер жариялап, арандатушылық жасаған. Ең сорақысы — Виолеттаның нақты мекенжайы интернетке тарап кеткен. Соның салдарынан бойжеткеннің үйіне бейтаныс еркектер келе бастаған.
Виолетта бұл жағдайға нүкте қою үшін Украинада адвокат жалдаған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Майкл Бро» есімінің артында Киев қаласының 22 жастағы тұрғыны Михаил Прохоров тұрғаны анықталды. Атырауда іс ҚК-нің 115-1-бабы («Сталкинг») бойынша қаралуда, ал Украинада оған қарсы ресми арыз жазылып, іс қозғалды.
Бойжеткен өзінің 8 жылын қорқынышпен өткізуге мәжбүр еткен адамның жазасыз қалмауын сұрайды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
1
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0