«Әйел өмірі үшін»: Қазақстанда әйелдерге арналған науқан басталды
Қазақстанда сүт безі обыры туралы ақпараттандыруды арттыруға бағытталған «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы басталды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Қазан айында еліміздің барлық өңіріндегі емханаларда ашық есік күндері, онкологтардың консультациялары мен ақпараттық кездесулер өтеді.
Науқанға Құрылтай депутаттары мен «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты қолдау білдірді. Бастаманың негізгі мақсаты – әйелдерге аурудың алдын алу, ерте анықтау және дәрігерге уақытылы қаралу қажеттігін түсіндіру.
Құрылтай депутаты Шолпан Каринованың айтуынша, әсіресе ауылдар мен шалғай елді мекендердегі әйелдерге ерекше назар аударылады. Олар емханаларға жүгініп, мамандардан кеңес алып, қажетті ақпаратпен таныса алады.
Онколог-маммологтар қауымдастығының тең жетекшісі Данара Сүлейменова Қазақстанда 40-76 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырына тегін скринингтен өте алатынын еске салды. Алайда аурудың белгілері байқалса, жоспарлы тексеруді күтпей, бірден дәрігерге қаралу қажет.
Елордадағы №13 емхана директоры Жанерке Ажетова скринингтің кепілдендірілген медициналық көмек көлеміне кіретінін және МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан қолжетімді екенін атап өтті. Тексеруден өту үшін тіркелген емханаға жүгіну керек.
Айлық аясында медициналық көмекке қол жеткізу кезіндегі кедергілер де зерделенеді. Бұдан бөлек, дәрістер, подкасттар, кездесулер мен спорттық шаралар ұйымдастырылады.
Науқанның қызғылт лентасы 121 қоғамдық ғимарат пен сауда нысанына, 218 LED-экран мен билбордқа және 250 қоғамдық көлікке орналастырылады. Сондай-ақ Астанадағы «Хан Шатыр» сияқты бірқатар нысан қызғылт түспен жарықтандырылады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0