Ақтөбеде 9 айлық баланы құтқарып қалған полицей сотталып кетті

Қазан 22, 2024 - 17:33
Ақтөбеде 9 айлық баланы құтқарып қалған полицей сотталып кетті
Фото: әлеуметтік желі

Ақтөбеде 9 айлық баланы құтқарып қалған полицей алаяқтық жасамақ болғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы.

Ақтөбеде 25 маусым күні учаскелік полиция қызметкері Батыр Николаевқа 9 айлық баланың ата-анасы жүгіріп келіп, балаларын тез арада ауруханаға жеткізуді сұрайды. Бұл туралы Halyqstan телеграм арнасы мәлімдеді. 

Күйзеліс жағдайында сәбидің анасы санаулы минуттарда оларды медициналық мекемеге жеткізген полиция қызметкерлерінің аты-жөнін сұрауды ұмытып кеткен. Күйеуі патруль көлігінің нөмірін суретке түсіріп қана үлгеріпті. Артынша ерлі-зайыптылар бұл суретті жергілікті @aktobe_sergek парақшасында жариялап, тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді. Кейіннен қызметкерлердің Батыр Николаев пен Кеңшілік Бекбол екені анықталды. 

Алайда сол күні-ақ кешкі уақытта батырлардың бірі Батыр Николаевты сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері тұтқындаған. 

Анықталғандай, оқиғадан 6 күн бұрын Ақтөбе қаласының тұрғыны Алланиязов Николаев қызмет еткен полиция бөліміне Табынбай деген азаматтың үстінен арыз жазып хабарласқан. Табынбайды бөлімшеге апарған кезде тергеушімен сөйлесу барысында Николаев та болған.

Николаев Табынбайға барлығын жеке өзі реттеуге көмектесетінін, өзіне 1 миллион теңге төлеу керегін айтқан. Николаев 25 маусымда кешке ақшаның бір бөлігін, 300 мың теңге алуы қажет болған. Ақшаны бермес бұрын Табынбай сыбайлас жемқорлыққа қарсы байланыс орталығына хабарласып, Николаевтың үстінен шағым түсірген.

Сотта полицей өз әрекетіне өкінетінін атап өтті. Ақтөбе қаласының №2 соты сотталушыны алаяқтық әрекеті үшін кінәлі деп танып, оған 2 250 000 теңге айыппұл салды. Сондай-ақ учаскелік полиция қызметкері аға лейтенант шенінен және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған. Сотталушы бірінші сатыдағы сот үкіміне шағымданбады.


Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow