Батыс Қазақстан облысында тасқын судан зардап шеккендерге жаңа үйлердің кілті табысталды

Тұрғын үйлердің құрылысын Алматының «Алтын Орда» әмбебап сауда кешені қаржыландырды.

Қазан 1, 2024 - 21:44
Қазан 1, 2024 - 21:47
Батыс Қазақстан облысында тасқын судан зардап шеккендерге жаңа үйлердің кілті табысталды

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны салдарынан тұрғын үйлері қираған 15 отбасыға жаңа баспаналардың кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Орал қаласы маңында тілсіз жау құрсауында қалған саяжай тұрғындары жаңа үйлерге қоныстанды.Тұрғын үйлердің құрылысын Алматының «Алтын Орда» әмбебап сауда кешені қаржыландырды.

Игі бастама апатпен арпалысқан отандастарымызға қол созу үшін біріккен кәсіпкерлер мен базар қызметкерлерінің алғаусыз ниетінен туындаған. 

«Мемлекет басшысы табиғи апаттың ауқымы ұлғайған кезде бизнеске иек артып, қолғабыс жасауға шақырды» – дейді «Компания номер один» ЖШС құрылтайшысы Еркебұлан Хамзин.

– Біз бұл бастамаға ойланбастан бірден кірістік. Арнасынан асқан судың ең қысылтаяң шағында апат аймақтары Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстарына, сондай-ақ СҚО-ға ең қажетті тауарлар тиелген жүк көліктерін жібердік. Базар басшылығы көліктердің логистикасын ұйымдастырды, ал «Алтын Орда» сауда кешеніндегі саудагерлеріміз еш қамшы салдырмастан, қажетті азық-түліктермен, керек-жабдықтармен жүк көліктерін толтыруға бір кісідей атсалысты».

Бизнесмен атап өткендей, Мемлекет басшысының қарғын су құрсауында қалған жұрттың ауыртпалықтарын бөлісуге бизнес өкілдерін шақыруы стратегиялық жоспарлай алатын көшбасшының оңтайлы шешімі болды.

«Президент 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялады. Осы қысқа уақытта Қазақстанда бір-біріне қолғабыс жасау мәдениеті қалыптасып үлгерді. Волонтерлық қоғамдағы көзқарас пен идеологияның бір бөлшегіне айналды. Су тасқыны кезінде Мемлекет басшысы бизнестің ерік-жігерін біріктіруі өз алдына, еліміздегі өзара жанашырлық мәдениетінің қазығын қақты. Бетін аулақ қылсын, десе де осындай төтенше жағдайлар орын ала қалса кәсіпкерлер көмектесуге сақадай сай тұрады,» – деп атап өтті Е. Хамзин. 

Жер-жерге гуманитарлық көмек жіберілген, одан бөлек «Алтын Орда» базарының басшылығы зардап шеккендерге тұрғын үй салып беру туралы шешім шығарды. Сөйтіп, Оралдың іргесіндегі Деркөл кентінің «Көкжиек» шағынауданында 15 баспана салынды. Жаңа үйлердің жайлылығы үшін сапалы материалдар пайдаланылды, автономды жылыту жүйесімен, санитарлық тораптармен және тұрмыстық техникамен жабдықталды.

«21 сәуірде Жайық өзені арнасынан асып, үйіміз су астында қалып тұруға жарамай қалды. Мінекей, «Алтын Орда» базарының арқасында бізге Деркөл кентінде жаңа тұрғын үй салынды. Біз күткендей болды: самаладай жарық, кең әрі ыңғайлы. Осы риясыз көмек үшін шексіз ризамыз! Хан сарайындай үйімізге көшуді бастап кеттік,» – дейді қарғын судан зардап шеккендердің бірі, көп балалы ана Толқын Ысқақова.

«Кез-келген кәсіпкер кезі келгенде мұқтаж жандарға қал-қадерінше көмектесуі тиіс. Бұл дегенің әлеуметтік жауапкершіліктің негізі. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні анық, күш-жігер біріккенде ғана өз қоғамымыздың кәдесіне жарайтын маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыра аламыз,» – деп қорытындылады Е.Хамзин.

Айта кетейік, «Алтын Орда» әмбебап сауда кешенінің құрылтайшысы тұрмыстық техникалармен жабдықталған тұрғын үйлер салу жобасына, сонымен қатар су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетуге шамамен 500 миллион теңге бөлген.

Ақпарат үшін: Құрылысты толықтай жергілікті мердігер компания, құрылыс саласында өзін дәлелдеген «Mega Max» ЖШС жүргізді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow