Әкімдікте 9 ай жұмыс істеген күдікті ауыр қылмысқа не үшін барды?
Ернар Жиембай 20 жасынан бастап 10 жыл бойы «Сауап» мүгедектер қоғамын» басқарған
Руслан Берденов Шымкентке замәкім болғанда Ulysmedia журналисі Самал Ыбраеваға кеңінен сұхбат беріп, Қазақстан мен қазақты қалай жақсы көретінін айтып отырғанда шымкенттік бір көрермен пікір жазған. Шымкенттік «Менің әйеліме екінші әйелім болшы деп жүрген адам. Ойламаймын бір жақсы адам деп. Соған бола ажырасып кеттік» деп жазған.
Бұл ақпаратты мен де тексеріп шықтым: Шынында да Р.Берденов зәмәкім бола сала сұхбат берген. Көзіне шөп салғаны үшін әйелімен ажырасқан әлгі шымкенттік пен журналистің арасындағы жеке әңгіменің толық нұсқасын да таптым. Инстаграм парақшасындағы өзара пікір алмасудың скринін сақтап қойдым.
Күдікті Ернар Жиембай Руслан Берденовті әкімдік алдында атқан кезде «әйеліме қырындады» деген себеп айтыпты. Полициядағы дереккөзіне сүйенген журналистер алғашында қылмыстық оқиғаның осы мотивін жариялаған. Кейін мұны әкімдік, Берденовтің әріптестері мен достары жоққа шығарып жанталасты. Қазір де қылмыстық оқиғаның себебін Р.Берденовтің лауазымды қызметімен, антикоррупциялық күреспен байланыстырмақ болып әуреленіп жатыр. Күдікті Ернардың әйелінің (Л.А) атынан «ол Руслан Берденовті танымайды екен» деген ақпарат таратты, ал әкесі Жиембай Пралиевке «келінімді бұл оқиғаға араластырмаңдар» деген мәлімдеме жасатты.
Пралиевтер отбасы қоңыр тіршілікпен өмір сүріп жатқан отбасы. Жиембай Пралиев 2009 жылы "MEGA-БЕН СТРОЙ" компаниясын құрған. Салық жүйесіндегі мәліметке қарасақ, құрылыс компаниясы мардымды жұмыс атқармаған, күреп ақша таппаған. Ж.Пралиев 2015 жылы "САУАП" МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫ" қоғамдық бірлестігін құрып, оны сол кезде 20 жасқа толған ұлы Ернар Жиембайға басқартып қойған. Бұл қайырымдылықпен шұғылданатын қоғамдық ұйым.
Ернар Жиембай Шымкент әкімдігіне қарайтын «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-не директор болып 2024 жылдың 30 маусымында тағайындалған. Сондықтан Ернар «Сауап» мүгедектер қоғамындағы басшылық қызметін әкесі Жиембайға өткізіп (15.05.2024) берген. Бұған дейін «Нұр.кз» сайты күдіктінің жәбірленушіге қастандық жасап, әкімдік алдында атуына «Тұрғын үй Шымкенттен» шығындалған 3,4 млдр теңге себеп болғанын жазған. Бұл бекер сөз сияқты. Қаладағы үйлерді жөндеумен (әрлеумен) шұғылданатын «Тұрғын үй Шымкентке» Шымкент әкімдігі жыл сайын 3,5 млрд теңге шамасында қаржы бөліп келген. Мысалы, «Тұрғын үй Шымкент» 2023 жылы 3 мрд 552 млн 104 619 теңгені игеріп, 240 млн теңгедей салық төлеген. Осындай цифрларды салыстырып отырсақ, күдікті 3,4 млрд теңгені, яғни әкімдік "Тұрғын үй Шымкентке" бөлген барлық ақшаны Е.Жиембай қалтасына басып алып, соны бермеу үшін замәкімді өлтіріп тастамақ болды деген нарративке қалай сенеміз?!.
Журналист Ораз Әлімбектің
facebook парақшасынан