«Бетпе-бет кездеседі»: АҚШ пен Иран келіссөз жүргізуге дайындалып жатыр
Америка Құрама Штаттары мен Иран жұма күні, 10 сәуірде өтетін тікелей келіссөздерге дайындалып жатыр. Тараптар Пәкістан астанасында кездеседі деп күтілуде. Бұл туралы Axios басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, бұл — соғыс басталғалы бері екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі алғашқы бетпе-бет кездесу болмақ. Ақ үй әзірге ресми мәлімдеме жасаудан тартынып отыр. Президенттің баспасөз хатшысы Каролайн Ливитт жеке кездесулер туралы талқылаулар жүріп жатқанын, бірақ Дональд Трамп немесе Ақ үй ресми хабарламағанша ештеңе нақты емес екенін атап өтті.
АҚШ тарапынан келіссөздерді Вице-президент Джей Ди Вэнс бастап баруы мүмкін. Дипломатиялық дайындықтарға арнайы өкіл Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысуда.
Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шариф екі тарапты да Исламабадқа шақырғанын растап, бұл қадамның тұрақты бейбітшілікке септігін тигізетініне сенім білдірді.
Бұған дейін Президент Трамп Иранға қатысты қатаң ескерту жасап, «бүкіл өркениет жойылып кетуі мүмкін» екенін айтқан болатын. Алайда, артынша Ормуз бұғазын ашу шартымен екі апталық атысты тоқтату туралы келісім жарияланды.
Соған қарамастан, 8 сәуірде Кувейт пен БӘӘ аумағында Иран тарапынан жасалды делінген дрон соққылары тіркелді. Осыған байланысты алдағы Исламабад кездесуі аймақтағы жағдайды тұрақтандырудың соңғы мүмкіндігі ретінде қарастырылуда.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0