Боди массажға баратын имам туралы жазған журналистің парақшасы шабуылға ұшырады
Мүфтият шындықтан қашып құтыла алмайды! Мүфтияттағы проблема мұнымен біткен жоқ. ҚМДБ жүйесі ішінен іріп-шіріп жатыр…
Белгілі журналист Ораз Әлімбековтің Facebook парақшасына әлдекімдер сырттан шабуыл жасап, оншақты жыл бойы жазған материалдарын түгел өшіріп тастаған. Онымен қоймай, жұртты шатастыру үшін «Oraz Alimbekov», «Oraz Alimbek» деген түрлі атаулармен бірнеше парақша ашып үлгерген.
Журналистің айтуынша, бұл жағдай 23 қазандағы «Мүфтиятты реформалау қажет» атты баспасөз мәслихатынан кейін болған.
«23 қазанда қоғам қайраткерлері және имамдармен бірігіп «Мүфтиятты реформалау қажет» атты баспасөз мәслихатын өткізіп едім, дәл сол күні қаскөйлер парақшамды бұзып кіріп, оншақты жыл бойы жазған материалдарды өшіріп, жұртты шатастыру үшін, адастыру үшін ол парақшаның орнына «Oraz Alimbekov», «Oraz Alimbek»,.. деген никті «балалатып» тастапты.
Бұрынғы парақшамды қайтару мүмкін болмады. Сондықтан осы парақшаны аштым. Осы парақша ғана менікі. Достыққа шақырыңыздар, Достық ұсынсам, қабылдаңыздар, достар!
Парақшама жазылыңдар, құрметті Фейсбук оқырмандары!
Мен Фейсбуктен басқа әлеуметтік желіде жоқпын. «Сөз ұғатын, қисынды сөзге тоқтайтын, факт пен дәлелді аргументке мойынсұнатын қауым Фейсбукте» дедім.
Осы ойымнан әлі де айнымадым. Қоғамның санитары — журналистика қыспаққа ұшыраған мынау тар заманда Фейсбукті «Ақиқат айтатын жалғыз алаң» деп түсінем.
Отбасым мен ошақ қасының жеке әңгімесінен гөрі көбіне қоғамдық мәселеге назар аударуға тырыстым.
Ақиқат пен Шындық айтылмаса, проблеманың көзге көрінбейтін тамырын іздемесек, қазақ қоғамы сауатты анализ жасай алмай күйінеді, дамудың дұрыс бағдарын ала алмайды, адасады.
Соңғы бір-екі айда «Түнгі клуб жағалаған мас имам», «Бас мүфтидің патша көңілін табу үшін және аттестацияға молдалардан ақша жинаған бас имам», «боди массаж жасататын жас имам», «жылдамдықты шектен асырып миллиондаған айыппұл арқалаған шумахер имам»… деген тақырыптарды бұлтартпас фактімен әлемжеліге алып шықтым.
«Балық басынан шіриді» деген рас екен. Бас мүфти Наурызбай Өтпенов ҚМДБ жарғысын бұзып туыстарын діни лауызымды орындарға тағайындағаны да жазылды.
Қарапайым имамдармен кеңеспей жарғыны өзгертіп алып, мешіттерден 30 пайыздық салық алып, молдаларды сүлікше сорып, бейшараларды күнкөрістен айырғаны да айтылды.
Мүфтияттағы проблема мұнымен біткен жоқ. ҚМДБ жүйесі ішінен іріп-шіріп жатыр… Беті қатқан жараның астындағы ірің дендеп барады.
Тез арада жараны ашып сасық іріңді ағызып тастау қажет. Сондықтан соңғы айда мүфтияттағы жең ұшымен жалғасқан жемқорлық жайында бірнеше бағыт бойынша зерттеу жасадым. Соның нәтижесін де осы парақшада жариялаймын. Күтіңіздер!Мүфтият Шындықтан қашып құтыла алмайды!», деп жазған ол өзінің жаңадан ашқан Facebook парақшасында.
Сіздің реакцияңыз қандай?