«‎COVID - әлем халқын азайту мақсатында ойлап табылған вирус» деген ақпарат фейк болып шықты

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Ақпан 28, 2025 - 15:52
«‎COVID - әлем халқын азайту мақсатында ойлап табылған вирус» деген ақпарат фейк болып шықты
Slay News

Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Ухань вирусология институтының жетекші ғалымы COVID-19 вирусы халық санын азайтуға үшін жасалған «биологиялық қару» екенін айтты деген ақпарат тарап жатыр. Тараған ақпаратқа сенсек, биологиялық қару жасау саласында жұмыс істейтін уханьдық ғалым Чао Шань Asian News International репортері Дженнифер Цзэнге сұхбат бергенде 2019 жылы Нанкиндегі басшысы оған төрт түрлі коронавирус штамын беріп, олардың қайсысы ең қауіпті әрі жұқпалы екенін анықтауды тапсырғанын айтқан. Шань вирусты адам жасушаларындағы ACE2 рецепторларына, жарқанаттарға және маймылдарға сынап көрген-міс, деп жазады Factcheck.kz сайты. 

Бұдан бөлек, мақалада АҚШ-тың жаңадан құрылған мемлекеттік басқару тиімділігі департаментінің (DOGE) басшысы Илон Масктың USAID-тың Қытайдағы Ухань вирусология институтын COVID-19-ды биологиялық қару ретінде жасау үшін қаржыландырды дегені де жазылған.

Байқауымызша, қазақстандық медиа кеңістікте ақпаратты таратқан уеб-сайттар мен парақшалардың барлығы дерлік Slaynews.com сайтына сілтейді.


Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Үкім: Жалған
Біріншіден, Ухань вирусология институтында Чао Шань есімді ғалымның бары рас, дегенмен ол «COVID-19 вирусы әлем халқының санын азайту мақсатында жасалды» деп айтты дегенге дәлел жоқ. Екіншіден, Дженнифер Цзэн есімді адам әлдекімнен Чао Шаньға қатысты сұхбатты 2023 жылы алған және осы ақпарат сол кезде де тараған, бірақ оның сұхбатының сапасы мен ашықтығы күмәнді. Үшіншіден, COVID-19 вирусы қолдан жасалғаны дәлелденген жоқ.

Толығырақ
Ақпаратты таратқан қазақстандық медиа Slaynews.com сайтындағы мақалаға сілтейді. Бұл сайт расында 2025 жылдың ақпанының 8-де «Ухань биоқарушысының әшкересі: Covid адам санын азайту үшін жасалды» деген мақала жарияланған. Мақала мәтіні қазақстандық ақпараттық сайттар жазған мәтінге дәлме-дәл келеді. Slaynews.com сайты да Дженнифер Цзэн есімді адам Ухань вирусология институтында жұмыс істейтін Чао Шань есімді ғалымнан сұхбат алғанын, Чао Шань өзіне және Ухань зертханасындағы әріптестеріне әртүрлі түрлер, соның ішінде адамдар арасында тарайтын ең тиімді штаммды анықтау тапсырылғанын айтқан-мыс. Slaynews.com Дженнифер Цзэннің мына видеосына сілтеме қалдырады. Дегенмен бұл сілтеме ешқандай сұхбатқа алып бармайды. Видеода Дженнифер Цзэн Slaynews.com сайтында жазылған деректерді айтып, Чао Шаньнан сұхбат алғанын айтады.

Slaynews.com сайты сілтейтін видео 2023 жылы 28 маусымда Дженнифер Цзэннің X желісіндегі парақшасында жарияланған. Пост астында әлдеқандай сұхбатқа комментарий қалдырған. Цзэн «сұхбатта» қараңғы бөлмеде отырып, бет-аузы тұмшаланған әлдекіммен сөйлеседі (сұхбаттың тарнскриптелген нұсқасы да бар). Бұл жұмбақ адам Чао Шаньды танығанын айтады және Чао Шань бұл жұмбақ адамға «Маған 2019 жылдың ақпан айында ең жұқпалысын таңдау үшін коронавирустың 4 штаммы берілді» деп айтқан-мыс.

Ал 2023 жылдың 5-і шілдесінде Дженнифер Цзэн тағы бір туит жариялап, онда алдыңғы постында қателескенін және Чао Шаньның өзінен сұхбат алмағанын, сұхбат 2020 жылдың наурызынан сәуіріне дейін Чао Шаньмен тікелей сөйлескен адаммен жүргізілгенін жазады.

Бірақ ақпарат медиада тарап, бірқатар сайт мұны Чао Шаньмен сұхбат ретінде таратып үлгерген (1, 2).

Әлбетте, адамның аты-жөнінің белгісіздігі, бет-әлпетін жасырын болуы Дженнифер Цзэннің «сұхбатының» шынайылығы мен онда айтылған фактілерге көп сұрақ тудырады.

Бұл тұста қазірге дейін SARS-CoV-2-нің табиғи немесе жасанды шығу тегі туралы бірде-бір нұсқаны тікелей дәлелдейтін дерек жоғын баса айту маңызды. Алайда жанама дәлелдердің басым бөлігі SARS-CoV-2-нің зоонозды (адамға жануарлардан жұғатын ауру) табиғатын көрсетеді және халықаралық ғылыми қауымдастық осы тұжырымды қолдайды. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

Чао Шань деген кім?
Ухань вирусология институтының сайтындағы деректеріне сенсек, мекемеде расымен Чао Шань есімді адам жұмыс істейді. Сайттағы жеке парақшасында Чаоның жұмыс істейтін негізгі бағыттарына вакцинаны әзірлеу, Нипах вирусы, арбовирус, Зика вирусы, денге вирусы және басқа да қоздырғыштар сияқты жоғары патогенді вирустардың механизмдері кіретіні жазылған. Оның үстіне оның «биологиялық қару жасау маманы» екендігі туралы ақпарат мүлде жоқ.

Ол 2014 жылы Қытай ғылым академиясының Ухань вирусология институтында PhD дәрежесін алды. 2013 жылдан 2015 жылға дейін Сингапурдағы Новартис тропикалық аурулар институтының ғылыми қызметкері, ал 2015 жылдан 2019 жылға дейін Техас университетінің медициналық мектебінің докторантурасының қызметкері болды.

Біз сайтта көрсетілген Чаоның электронды поштасына хат жазып, тараған ақпаратқа қатысты пікір сұрадық. Жауап келсе, материал толықтырылады.

Дженнифер Цзэн деген кім?
Желіде Дженнифер Цзэнге қатысты ақпарат көп емес. Ақпарат құралдары Цзэн Қытайдан саяси себептерге байланысты қашқанын, қазір АҚШ-та тұратынын жазған. Цзэн 2005 жылы Witnessing History: One Woman’s Fight for Freedom and Falun Gong («Тарихтың куәгері: бір әйелдің бостандық және Фалунгун үшін күресі») деген кітап жариялаған.

Оның Inconvenient Truths деп аталатын YouTube арнасы бар, Цзэн онда Қытай билігін сынайтын видеоларды жиі жариялайды.

Контекст
Бұған дейін АҚШ президенті жаңа үкіметтік тиімділік департаменті басшыларының бірі етіп тағайындаған бизнесмен Илон Маск USAID-ті сынаған. Маск X әлеуметтік желісінде USAID-ті биологиялық қаруды әзірлеуді қаржыландырды деп айыптаған.

Дегенмен ол сөзін растайтын ешқандай дәлел келтірмеді. АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі мұндай айыптауларды ресейлік дезинформациямен байланыстыратын.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow