Денсаулық сақтау саласындағы былықты әшкерелеген депутатқа қысым жасалып жатыр

Қазақстанда атышулы депутаттық сауалдарымен танылған Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке қарсы азаматтық сотқа дейінгі шағым түсіп, оған көпшілік алдында кешірім сұрау талабы қойылды.
Бұл туралы журналист әрі қоғам белсендісі Ботакөз Омарова мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жағдай — тек Базарбекке емес, елдегі әділдік іздеген кез келген белсенді азаматқа жасалған қысым.
“Журналист, қоғам белсендісі немесе халық қалаулысы миллиардтаған ақшаның қайда кетіп жатқанын зерттеп, ашық айтса — бірден қысымға ұшырайды, кибербуллингке тап болады, артынан сотқа сүйрелейді. Бұл — өте алаңдататын сигнал”, – дейді Омарова.
Мәселенің мәні неде?
Журналистің айтуынша, 2024 жылдың қаңтар айында Бақытжан Базарбек Денсаулық сақтау саласындағы заңбұзушылықтарды анық көрсеткен өткір депутаттық сауал жолдап, онда үш басты мәселеге назар аударған.
“Бірінші мәселе — бюджет қаражатын жымқыру. Медициналық мекемелер тиісті қызметке лицензиясыз-ақ миллиардтаған теңге алып отырған. Бұл – мемлекеттік қаражатты заңсыз иемдену деген сөз. Әңгіме 9 миллиард теңге туралы болып отыр.
Екінші мәселе — лицензиялардың болмауы. “Салауатты Астана” ЖШС және “Шипагер” ЖШС медициналық қызметтерді, соның ішінде акушерлік қызметті де лицензиясыз көрсеткен. Бұл — денсаулық сақтау туралы заңды тікелей бұзу. Егер науқастардың денсаулығы мен өміріне зиян келген жағдайлар анықталса, мәселе тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін жетеді.
Үшінші мәселе — бақылаушы органдардың әрекетсіздігі. Жоғары аудиторлық палата мен Бас прокуратура бұл мәселені формалды түрде ғана атап өткен, бірақ шындықты ашып айтпаған. Іс жүзінде, мәселені жабулы күйде қалдырған”, — дейді ол.
Омарованың сөзінше, депутаттың дәл осы сауалында айтқан “Аушвиц”, “Биркенау”, “Бухенвальд” сөздері — дау-дамайдың өзегіне айналған.
“Бұл тарихи атаулар арызданушылар тарапынан "іскерлік беделімізге нұқсан келтірді" деп бағаланған. Ал миллирдтаған қаражаттың заңсыз жұмсалуы жайлы мәліметтерге қатысты ешқандай шағым түсірілмеген.
Dalanews.kz.
Сіздің реакцияңыз қандай?






