Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты

Сәуір 2, 2026 - 10:24
chat_bubble  0 visibility  2
Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты
Фото: Sadaq.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат жазасын толық өтеп түрмеден босап шықты, деп хабарлайды Sadaq.kz. 

Tengrinews.kz порталының сауалына жауап берген Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты растады. Ведомство өкілдері сот тағайындаған мерзімнің аяқталуына байланысты оның босатылғанын мәлімдеді.

«Аталған сотталған азамат сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтеуіне байланысты босатылды», – деп хабарлады комитет.

Бұл оқиға 2023 жылдың 11 ақпанында Алматы қаласында болған еді. Ол кезде Отардағы әскери бөлімде борышын өтеп жүруі тиіс Нұрасыл Болат бір қызға күш көрсетіп, оған араша түспек болған адвокаттар Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққан.

Осы іс бойынша сол жылдың 9 қазанында әскери сот оны бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа зиян келтірді деп тауып, 1,7 млн теңге айыппұл салған.
Кейіннен 2024 жылдың 14 мамырында Жоғарғы сот үкімді өзгертіп, депутаттың ұлына 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті.

Алайда ол түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарға баруға салынған тыйымды елемей, 14 қазанда тойда жүрген жерінен ұсталды.

Сот барысында оның басқа да тәртіп бұзушылықтары белгілі болды. Мәселен ол 14 тамызда түнгі сағат үште қоғамдық орында жүрсе, 11 және 12 қазан күндері мейрамхана мен түнгі клубта уақыт өткізген.
Пробация шарттарын қасақана бұзғаны үшін 2024 жылдың 21 қазанында Медеу аудандық соты оның өтелмеген жазасын нақты қамауға алумен алмастырып, сот залында кісен салды.



Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0