Депутаттар ҚТЖ-ның жайын айтып барған Әлихан Смайыловтың ит терісін басына қаптады

19-шы ғасырдағы «будкалар». Дубайдан, Еуропадан үй алып шалқып жүрген басшылар. ҚТЖ-ның президенті Сауранбаев қайда жүр?

Маусым 12, 2024 - 15:50
Маусым 12, 2024 - 15:52
Депутаттар ҚТЖ-ның жайын айтып барған Әлихан Смайыловтың ит терісін басына қаптады
BAQ.KZ

Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Әлихан Смайыловтың қыруар қарызына байланысты Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының дефолтқа ұшырауы мүмкін деген сөзі депутаттардың шамына тиді, - деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Бүгін Әлихан Смайылов мәжілісте есеп беруге барғанын жазған едік. Депуттар алдына шыққан Смайылов  мырза еліміздегі көлікті дамытуға бөлінетін қаржының есебін берді. Баяндамасында ҚТЖ секілді алпауыт компанияның мойынына қыруар қаржы мініп отырғанын осының салдарынан түбі банкрот болуы мүмкін екенін айтып қалды.

«Компания несиелік тәуекелдің “қызыл аймағында” тұр. Оның қарызы 2024 жылдың басында 2,9 триллион теңге еді, қазір де өсіп жатыр. Жалпы қарыздың 45 пайызы немесе 1,3 триллион теңгесі бұрын қабылданған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы ұжымдық басқару әдістері мен "Самұрық-Қазына" АҚ даму стратегиясы еліміздің ұлттық теміржол компаниясының дағдарысының алдын алуға қауқарсыз. Активтер жай-күйінің одан әрі нашарлауы, қарыздардың өсуі және басқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз олардың қызмет көрсете алмауы ҚТЖ-ны дефолтқа әкеліп соғуы мүмкін», – деді Әлихан Смайылов. Осылай деген төраға тез арада қаржылық және техникалық жағдайын жақсартудың нақты мерзімдерін белгілеп, ҚТЖ компаниялар тобының шығынын оңтайландыру қажет екеніне тоқталады.

Алайда Жоғарғы есеп палатасының төрағасының бұл сөзі біраз депутаттың ашуы тудырды. Мәселен, Ерлан Сайыров бұл жайттың бүгін ғана туындап отырған мәселе емес екенін әрі оның Әлихан Смайыловтан премьер-министр кезінде болғанын есіне салып өтті.

«Жаңа өзіңіз айтып кеттіңіз, бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолының» қаржылық жағдайы өте мүшкіл. Енді шынын айту керек, ол жағдай сіз премьер-министр болып тұрған кезде ушығып кетті. Сондықтан бір сыпайы сұрақ қояйын. Сол кезде осы мәселемен неге айналыспадыңыздар?», - деді мәжіліс депутат Ерлан Сайыров.

Расы керек, бұл сауалға Смайылов күмілжіп қалды.

Арнайы сөз алған Еділ Жаңбыршин «темір жол туралы мәселе көтерілген жиында ҚТЖ-ның президенті неге жоқ?» деп ашу шақырды.

«ҚТЖ-ның президенті неге арамызда арамызда жоқ. Сауранбаев деген кім ол? Неге келмейді? Парламентте жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болды, қайта-қайта осы мәселе көтеріледі, бірақ Сауранбаев келмейді. Кім ол, не қылған адам? Өмір бойы ҚТЖ жемқорлыққа былығып келеді, бірақ ол келіп жауап бермейді. Орынбасарларын жібереді... Біздің теміржолшылардың өмір сүріп жатқан «будкаларын» қараңыздар: 19-шы ғасырдағы «будкалар». Ұят емес пе? Президенті бір рет болсын ҚТЖ-ның жұмысшаларына барып, кездескен жоқ. Теміржолшылармен кездескен жоқ, олардың мәселесін тыңдаған жоқ. Қаншама ереуілдер болып жатыр, біреуіне де барған жоқ. Кім ол соншама?», - деді депутат.

Абырой болғанда ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев елде емес болып шықты. Мәжіліс отырысына келіп қатысып отырған ҚТЖ өкілі Қанат Алмағамбетов үлкен бастықтарының тың Қытайда іссапармен жүргенін айтып, Смайыловты құтқарып қалды.

Алайда Жаңбыршин мұнымен тынбады.

ҚТЖ-ның мәселесін майшам алып қарау керек екенін атап өтті.

«Бұлар не істеп жүр, не қылған адамдар? Мемлекеттің ақшасын алады да, қарызға батырады. Басқа жерге ақша жетпей жатқан кезде. Қайда кетіп жатыр ол ақшаның бәрі. Әр ұлттық компанияны біз тексеруіміз керек. Олар қашанғы елдің байлығын қалталарына басып, шетелге барып, Дубайдан, Еуропадан үй алып шалқып жүреді. Халықтың жағдайын қашан ойлаймыз біз? Олардың айтқан өтірігіне сеніп осылай отыра береміз бе? Олай болмайды. Жоғары аудиторлық палата дұрыстап тексеріңіздер. Бармақ басты, көз қысты қылудың керегі жоқ. Жетер енді, елдің бетіне қалай қарайсыңдар?», - деді ол.

Депутат Парламентке ұлттық компаниялардың, трансұлттық компаниялардың басшыларын шақырып, есеп алуды талап етті. Мәселені қарайтын комиссия шығаруды да ұсынды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow