«Дінім үшін өлемін, өлтіремін»: «Дикий Арман» 20 жылға сотталуы мүмкін

Желтоқсан 18, 2024 - 11:27
Желтоқсан 18, 2024 - 12:12
«Дінім үшін өлемін, өлтіремін»: «Дикий Арман» 20 жылға сотталуы мүмкін

Қаңтар оқиғасының негізгі фигуранттарының бірі  - Арман Жұмагелдиевтің ісі бойынша өтіп жатқан сот талқылау кезеңіне өтті, деп жазады Sadaq.kz ақпарат порталы.

Мемлекеттік айыптаушылар «Дикий Арман» атымен танымал Арман Жұмагелдиевге ұзақ мерзімді яғни  20 жыл жаза тағайындауды сұрап отыр. Сондай-ақ, Дикий Арманмен бірге істі болып жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Руслан Исқақовқа 15,5, Қайрат Құдайбергенге – 8 жыл сұраған.

Сот тергеуі 2024 жылдың 13 желтоқсанында аяқталды.

Арман Жұмагелдиевтің авдокаты Олег Черновтың айтуынша, сот үкімі келесі жылдың басында шығуы мүмкін.

«Арман Жұмагелдиевке қатысты сот тергеуі аяқталып, сот талқылауына көшті. Қазір жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы сөз сөйлеп жатыр. Олар сотталушыларға ұзақ мерзімді жаза тағайындауды сұрап отыр. Желтоқсанның аяғына дейін сот аяқталып, 2025 жылдың қаңтар айының басында шешім шығатын болады», – деп жазады Олег Чернов.

Сот процесі жабық тәртіпте өтіп жатыр. Осыған байланысты сот барысында айтылған ақпараттың таратылуына тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан,  ғаламтор бетінде сот отырысынан алынған кадрлар тарап кетті.

Orda.kz сайтының жазуынша, «Арман Жұмагелдиев» деп аталатын YouTube арнасындағы алғашқы видео 14 желтоқсан күн салынған.

«Қазіргі уақытта арнада 8 видео жарияланған, олардың көбі жабық сот отырыстарының жазбалары. Кадрда Арман Жұмагелдиевке ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Руслан Исқақов пен осы іс бойынша сұралып жатқан Бердақ Бекетовтің сөздері тіркелген.

Сонымен қатар, арнада қаңтар оқиғаларына қатысты кадрлар да бар. Бейнежазбада қылмыстық авторитет және оның жақтастары, өздерін «дружинниктер» деп атап, қолында мылтығы бар адамнан қаруын алып жатқан тұсы көрсетілген», - деп жазады аталмыш дерек көзі.

Ал арнаның сипаттамасында «Бұл арна «Қаңтар оқиғасы» бойынша әділетсіз айыпталғандардың еркіндігін, абыройы мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында құрылды. Мұнда сол күндерге қатысты сенімді материалдар жарияланады» деп көрсетілген.

Айтпақшы, мұндай мазмұндағы видеолар Дикий Арманның Instagram парақшасында да жарияланып жатыр.

Orda.kz сайтының журналистері осыған байланысты айыпталушының адвокатына хабарласып көрген. Алайда Арман Жұмагелдиевтің адвокаты Олег Чернов бұл туралы ештеңе білмейтінін, әрі ол видеожазбалардың бұл іске қаншалықты қатысы барын, арнаның нақты кімге тиесілі екенінен бейхабар екенін айтқан.

Бұған дейін де  Дикий Арманның сот отырысы кезінде судьяға қарата айтқан былапыт сөзі тараған еді. Онда Арманның дінім үшін кез келген адамды өлтіремін деп судьяға айғайлап жатқаны бейнеленген.

«Кімде-кім менің дініме қол тигізсе... Мен дінім үшін кез келген адамды өлтіремін. Менің дініме ешқашан қол тигізбе. Дінім үшін өлемін де, өлтіремін де. Мені түсінесің бе, шайтан?! – деп айғайлайды Арман Жұмагелдиев.

Еске салсақ, Қаңтар оқиғасына қатысқан Арман Жұмагелдиев 2022 жылдың 7 қаңтарда Алматыда арнайы операция кезінде ұсталған болатын. Кейін ІІМ «Дикий Арманның» қылмыстық тобының 80-нен астам мүшесі ұсталғанын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow