Директорға 3000 теңге жинамағаны үшін жұмыстан шығармақ
Жетісу облысындағы алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мектеп басшылығын ақша бопсалады және қысым жасады деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұғалім әлеуметтік желіде оқу-ағарту министріне видео үндеу жолдап, мектеп басшылығының өзінен ақша бопсаланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Алакөл ауданы Қабанбай ауылында орналасқан мектепте директордың басқа оқу орнына ауысуына байланысты ақша жиналған.
"Біздің 70-тен астам қызметкерден тұратын ұжымымыздан директордың басқа жұмысқа ауысуына байланысты сый ретінде 3000 теңгеден жинауымызды талап етіп жатыр. Ақша бермегенім үшін мені және қосылмаған басқа да мұғалімдерді жұмыстан шығарамыз деп қорқытты", – деді бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.
Облыстық білім басқармасы ауыл мектебіндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Басқарма мұғалімді ешкім жұмыстан шығармағанын және ол мектепте жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.
"Жұмабаев атындағы орта мектеп ұжымымен алғашқы кездесуден кейін 3000 теңге көлеміндегі қаражаттың өндірілу фактісі расталмады. Қазір Жетісу облыстық білім басқармасының бұйрығымен аталған мектептегі жағдайды зерделеу бойынша мобильді топ құрылып, мұғалімдердің арыз-шағымдары мұқият қаралып, тиісті шаралар қабылданады", – деп хабарлады Жетісу облыстық білім басқармасынан.
Басқармадағылар мектептегі жағдай басшылықтың ерекше бақылауына алынды деп сендірді.
Сіздің реакцияңыз қандай?