«Екі жақ та кінәлі»: Шерзат сотында басты күдікті Дархан Әскентай мәлімдеме жасады

Мамыр 6, 2025 - 17:28
«Екі жақ та кінәлі»: Шерзат сотында басты күдікті Дархан Әскентай мәлімдеме жасады
Фото: видеодан скрин

Талдықорғанда Шерзат Болаттың қазасына қатысты өтіп жатқан атышулы сот процесінде сотталушы Дархан Әскентай өз позициясын білдірді, деп хабарлайды saDaq.kz.

«Сіздің қоңырауыңыздан кейін Нұрбол және оның артынан бірнеше жігіт дүкенге келмегенде, төбелес орын алар ма еді?» - деп сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотталушыға сол түні болған жанжалға байланысты сұрақ қойды.

Сотталушы Әскентай бұл оқиға жазатайым жағдай болғанын айтып, егер жігіттер жиналмағанында қайғылы жағдай туындамас еді деп жауап берді.

«Бұл жазым жағдай. Көшеде мұндайға тап боламын деп ойламадым. Бәрі аяқасты болды», – деді ол.

Оның айтуынша, оқиға орнына жиналған азаматтардың көбімен ол бұрын таныс болмаған. Тек Азамат Тоқтаубаевты 2016 жылдан бері танитынын айтты. Сондай-ақ жанжал кезінде оқиға орнында жүрген екі қызды да байқамағанын жеткізді.

Сотта ол тараптардың екеуінде де қателік болғанын алға тартты: «Сіздер бұл жерге ақты – ақ, қараны – қара деу үшін келіп отырсыздар. Кінәміз бар шығар. Бірақ ол жақта да кінә бар. Екі жақтан да кінә бар екенін айтқым келеді. Әділ шешім болса деймін», – деді Дархан Әскентай.

Айта кетейік, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, Шерзат Болаттың өліміне қатысты бірқатар тұлғалар жауапқа тартылып жатыр. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow