Елімізде кейбір банктер ықтиярхаты жоқ ресейліктерге есепшот ашып беруді тоқтатты
Қазақстанда кемінде екі банк – Home Credit Bank пен Kaspi Bank уақытша тұруға рұқсаты жоқ (ықтиярхат) ресейліктерге дебет картасын шығаруды тоқтатты.
Бұл жөнінде РБК жазды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Kaspi Bank карта беруді кемінде 3 ақпанға дейін тоқтатты. Одан кейін карта беру қайта қарастырылуы мүмкін. Жаңа ережеге сәйкес, карта бір жылға ғана берілмек.
Ал Home Credit Bank карта беруді белгісіз мерзімге тоқтатты. Осыған дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ықтиярхаты жоқ шетел азаматтарына бір жылдан артық мерзімге жарайтын банк картасын беруге тыйым салған. Мұндай шешім "заңсыз есірткі және цифрлық актив айналымы саласында банк қызметін пайдалану қаупін азайту" мақсатында жасалып отыр деп айтылады.
Украинадағы соғыстан кейін ресейліктер Қазақстан банктерінен жиі есепшот аша бастаған. Бұған Қазақстанға ресейліктердің жаппай ағылуы және Ресейге қарсы санкция (Visa және Mastercard ресейліктермен жұмыс істеуге шектеу қойған) себеп болған.
Қазақстан – Украинада соғыс басталғаннан кейін және Владимир Путиннің "жартылай мобилизация" деп аталатын мәлімдемесінен кейін өз елін тастап кетуге бел буған ресейліктер үшін ең танымал бағыттардың бірі.
Қазақстан ІІМ-нің мәліметінше, 2022-2024 жылдар аралығында 695 мыңға жуық ресейлік азамат жергілікті банктерден карта алған, ал республикалық ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы 233 мың ресейлік Қазақстанның жеке мемлекеттік сәйкестендіру нөмірін алған. Қазақстанда нақты қанша ресейлік тұратыны белгісіз.
Сіздің реакцияңыз қандай?