Еліміздегі авиакомпаниялар кезектен тыс тексеруден өтеді

Желтоқсан 26, 2024 - 12:25
Еліміздегі авиакомпаниялар кезектен тыс тексеруден өтеді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы шеңберінде күн тәртібінен тыс Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апаты орнындағы Үкіметтік комиссияның жұмысы туралы есебі тыңдалды, деп хабарлайды sadaq.kz.

Құтқару қызметі іздеу жұмыстарын аяқтады. Ұшақ апаты салдарынан 29 адам ауруханаға жатқызылды, 38 адам қаза тапты. Пациенттер түрлі жарақаттармен, негізінен көптеген жарақатпен түскен. Жағдай тұрақтанғаннан кейін олар профильдер бойынша ауруханаға жатқызылды, толық көлемде ем алуда. Сондай-ақ санитарлық авиация желісі арқылы Астанадан Ұлттық шұғыл медицина орталығы мен жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары келді. Қазақстандық мамандардан бөлек РФ ТЖМ арнайы кеңесі мен Әзербайжан Республикасының санитарлық авиация бригадасы да келді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстары келеді, оларға облыс әкімдігі трансферт, орналастыру және тамақтану бойынша қажетті көмек көрсетеді. Психологтар тобы жұмыс істеп жатыр.

Өз кезегінде Көлік министрлігі Әзербайжан Республикасы Үкіметімен бірлесіп жұмыс істейді. Ертең Бразилияның авиациялық билігі мен Embraer компаниясы келеді деп күтілуде. Түпқараған ауданында жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қажетті қолдау шаралары көрсетілуде. Қазіргі уақытта жедел желі жұмыс істеп тұр, оған мыңнан астам қоңырау түсті.

«Бірінші кезекте қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қазақстан Үкіметі мен уәкілетті органдар зардап шеккендерге және қайтыс болғандардың туыстарына барлық қажетті көмекті көрсетуде», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

«Бұл қайғылы жағдай, бізге де ұшу қауіпсіздігі бойынша тиісті шараларды қабылдау керектігін білдіреді. Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізу және әуежайлардың, әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Өткізіліп отырған іс-шаралардың шеңберінде отандық авиакомпаниялар экипаждардың біліктілігін, рұқсатнамаларын және құзыретін қайта тексеру керек. Сондай-ақ әуе оқиғаларына жедел ден қою мақсатында апаттық-құтқару жұмыстарын жетілдіру және мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет.Орын алған жағдайдан осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін нақты ұсыныстарды әзірлей отырып дұрыс қорытынды шығару қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow