Генерал-майор мен ақтаулық дәрігер ұшақта шетелдік азаматты құтқарып қалды
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы мен ақтаулық дәрігер ұшақта шетел азаматын аман алып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ-нің ведомстволық сайтының жазуынша, оқиға 23 ақпанда Астана–Ақтау рейсінде, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен бір сағаттан кейін болған. 45 жастағы шетелдік жолаушының қан қысымы күрт көтеріліп, оған бортта болған Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сағындық Аяғанов пен дәрігер Тұрсын Чуйшбаева жедел көмек көрсеткен. Сағындық Аяғанов өзін жайсыз сезінген Тәжікстан Республикасының азаматы дәлізде құлап бара жатқанын байқап, дереу әрекет еткен. Ол жолаушыны ұстап қалып, бортсеріктерді шақырған.
"Сол рейспен еңбек демалысымнан Ақтауға ұшып келе жатқан едім. Ер адамның үстіме қарай құлап келе жатқанын байқап, ұстап қалдым. Бортсеріктерді шақырып, жолаушылар арасынан дәрігер іздей бастадық. Бағымызға орай, дәрігер табыла кетті. Өзіммен бірге үнемі аспирин алып жүремін, азаматқа сол дәріні ұсындым. Ұшақ жерге қонғанша оның жағдайын бақылап отырдық. Жалпы мұндай жағдайда кез келген адам көмектесер еді. Мұны азаматтық борышым деп есептеймін", - деді Сағындық Аяғанов.
Жолаушыға "Ана мен бала" орталығының дәрігері Тұрсын Чуйшбаева медициналық көмек көрсеткен.
"Ұшақта ер адамның қан қысымы 220/110-ға дейін көтерілгенін анықтадық. Дәрі беріп, оттегі қосып, жағдайын тұрақтандырдық. Ақтауға қонғанға дейін қан қысымын 135/85-ке дейін түсірдік. Жолаушылар арасынан каптоприл мен аспирин табылды. Белгілі болғандай, ол бір ай бұрын өз елінде осындай жағдаймен ауруханаға түскен, алайда дәрігер кеңесін толық орындамаған. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін созылмалы ауруы бар азаматтар сапарға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені абзал", - деді дәрігер.
Ұшақ Ақтауға қонған соң жедел жәрдем қызметі жолаушыны ауруханаға жеткізген. Қазір оның жағдайы тұрақты. Тәжікстан азаматы өзіне дер кезінде көмек көрсеткен жандарға алғысын айтқан. Жарнама
"Ұшқаннан кейін жағдайым нашарлай бастады. Бір сағаттан соң бетімді жуу үшін дәретханаға беттедім. Алайда дәретханаға жетпей, жүрегім әлсіреп, сол жақ денем жансызданғандай болды. Көзім қарауытып, тыныс алуым қиындады. Сол сәтте алдыңғы қатарға қарай құлаппын. Маған көмектескен адамның Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы екенін кейін білдім. Оның маған су беріп, сабырға шақырып жатқаны есімде. Есімді жиған соң мен ол кісіден кешірім сұрадым. Ол: "Ештеңе етпейді, бәріміз адамбыз ғой, көмектесу – парызымыз" деді. Ұшақ бортында көмек көрсеткен баршаға шексіз ризамын", - деді жолаушы.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0