«Ішімдік бөтелкелері толған, төбесі құлаған»: Алатауға барған жас дәрігерге әкімдік қора-қопсыққа тең үй ұсынған
Дәрігер Әнел Жұмаділ медициналық кадрлардың тапшылығына байланысты Алатау қаласына дәрігер ретінде жұмысқа барған. Жұмыс беруші жас маманға көтермеақы және қызметтік пәтер беруге міндетті болған. Дәрігер осы уәделерге сеніп, ресми түрде жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірақ, Алатауға барғанда Әнел Жұмаділді әкімдіктің «тосынсыйы» күтіп тұрған екен.
«Бірінші ұсынылған пәтердің жағдайы соншалықты нашар болды, тіпті видеоға түсіруге де мүмкіндік болмады. Жан-жақта ішімдік бөтелкелері, жөндеу жоқ, төбесі ішінара құлаған, тазалығы адам шошырлық күйде. Мұндай баспанадан бірден бас тартуға мәжбүр болдым. «Мұндай пәтерлерде мүгедектер мен басқа адамдар тұрады» деген жауап айтылды. Сонда осындай жағдайда тұрған үйді кімге болса да, тіпті тегін болса да, қалай ұсынуға болады?», - дейді Әнел Жұмаділ.
Дәрігер баспананың видеоларын әлеуметтік желіге жүктеген. Қорқынышты үйдің видеосы дәрігер тұрмақ, камераның бергі жағындағы қазақстандықтардың ашуын туғызды.
«Егер мемлекет өңірлерге, әсіресе денсаулық сақтау саласына мамандарды тартуға шын мәнінде мүдделі болса, баспана қауіпсіз, өмір сүруге жарамды және санитарлық талаптарға сай болуы тиіс, ал есеп үшін қойылатын «галочка» болмауы керек. Осындай баспананы мамандарға ұсынып отырғандары - кәдімгі қорлық деп түсінемін. Бұл кадрларды қолдау да, дәрігер тапшылығымен күрес те емес, тек формальды есеп пен мәселені мамандардың өзіне ысыру ғана. Мұндай жағдайда өмір сүру де, жұмыс істеу де мүмкін емес. Дәрігерлердің өңірлерге барудан бас тартуы «ниеті жоқтықтан» емес, осындай көзқарастан», - дейді ол.
Оның айтуынша, жұмысқа орналасу кезінде тұрғын үй сатып алуға 9,8 млн теңге берілетіні ресми түрде айтылған.
«Осыған сүйеніп, мен шешім қабылдап, жұмысқа шықтым, бұйрық та шығып қойды. Ал тек бүгін ғана «бұл бағдарлама 15 желтоқсаннан кейін жабылған» деп хабарланды. Бұл жауапсыздық емес пе? Қалайша алдымен мемлекеттік қолдау уәде етіліп, адам ресми түрде жұмысқа алынғаннан кейін, біржақты түрде «бағдарлама жоқ» деп айтуға болады? Бұл жеке компания емес, бұл адамдардың жүйеге деген сеніміне жауапты мемлекеттік құрылымдар», - деп жазған ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0