«Ішкі істерімізге өрескел араласты»: Армения Ресейге наразылық нотасын жолдады

Шілде 5, 2025 - 10:06
«Ішкі істерімізге өрескел араласты»: Армения Ресейге наразылық нотасын жолдады

Ереван Мәскеуге ресми наразылық нотасын жолдады. Армения Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан елдің ішкі істеріне өрескел араласу байқалғанын айтып, бұл әрекетке қарсылық білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today.

Армения СІМ ресми өкілі Ани Бадалянның мәлімдеуінше, нота Ресей елшісіне тапсырылған. Онда ресейлік мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында және кейбір ресми тұлғалар тарапынан Армения билігіне қарсы айтылған пікірлерге наразылық білдірілген.

«Ресейдің мемлекеттік телеарналарындағы үкіметімізге қарсы ашық, кейде жаулық сипаттағы насихат армян қоғамында теріс реакция туғызып отыр», – делінген мәлімдемеде.

Armenpress агенттігінің жаузынша, армян СІМ қоғамда кең талқыланып жатқан бұл тақырыпты жасырмай, оның мазмұнын ел азаматтарына ашық жеткізуді жөн көрген.

Нота мәтінінде Ресей депутаттары мен сарапшыларының Арменияда мемлекеттік төңкерістің алдын алуға бағытталған құқық қорғау органдарының заңды әрекеттерін сынға алуы түсініксіз әрі ашу-ыза тудыратыны айтылған. Армения премьері Никол Пашинянның бұл әрекеті «Ресейге қарсы тағы бір қадам» ретінде сипатталуы абсурд және ішкі істерге араласу деп бағаланды.

«Мұндай ақпараттық саясат елдегі демократия, заңдылық пен конституциялық құрылымды әлсіретуге бағытталғандай әсер қалдырады», – делінген сыртқы саясат ведомствосының мәлімдемесінде.

Сондай-ақ Армения тарапы Ресейден мұндай әрекеттерді тоқтатуға тез әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етті.

Еске салайық, 25 маусым күні Арменияда билікті күшпен басып алуды жоспарлаған адамдар тобы ұсталған болатын. Олардың арасында ресейлік миллиардер Самвел Карапетян да бар. Ол Арменияның электр желілерін басқаратын компанияға иелік етеді. Бұл оқиға Ресей қоғамында резонанс туғызып, Армения СІМ басшысы Арарат Мирзоян Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа елдің ішкі істеріне араласпау жөнінде өтініш білдірді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow