Израиль Иранға соққы жасады

Маусым 13, 2025 - 10:27
Маусым 13, 2025 - 10:29
Израиль Иранға соққы жасады

13 маусымға қараған түні Израиль авиациясы Тегеранға соққы жасады. 

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары қаланың түрлі бөлігінде жарылыс дыбысы естілгенін хабарлады.

Израильдің ресми тұлғаларының сөзінше, операцияның мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасын жою. The New York Times басылымының Израиль үкіметіндегі дереккөздерінің айтуынша, соққы Иранның ядролық бағдарламасы үшін өте маңызды нысандарға жасалған.

Уранды байыту зауыттары орналасқан Тегеран, Тебриз, Керманшах, Исфахан, Нетенздегі нысандарға соққы тиген. Тегеран мен қала төңірегінде кемінде алты әскери база мен Иранның жоғары әскери қолбасшыларының екі тұрғын үйі шабуыл нысанасы болған. Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары әуе соққысы құрбандары арасында Ислам революциясы сақшылар корпусының басшысы, генерал Хосейн Салами бар екенін хабарлады.

Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, ядролық қару бойынша маман, ғалым Ферейдун Аббаси мен Мохаммада Мехди Техранчи де түнгі шабуылдан опат болған. Ақпарат құралдары аятолла Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани ауыр жарақаттанғанын жазды.

Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху видеомәлімдемесінде Иранның ядролық бағдарламасы "Израильдің өмір сүруіне тіке қатер төндіреді" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, басты нысана – Нетенздегі уранды байыту өндірісі мен Иранның ядролық қару бойынша ғалымдары. Нетаньяхудың айтуынша, операция "қанша күн қажет болса, сонша күнге созылады".

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдемесіне қарағанда, операцияға АҚШ қатыспаған. Оның сөзінше, Израиль Вашингтонға бұл "өзін-өзі қорғау әрекеті" екенін айтқан. Әуе соққысына дейін бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп бұл Иранның ядролық бағдарламасын дипломатиялық жолмен шешу мүмкіндігін мүлде азайта түседі деп ескерткен.

Ираннан "жауап соққы" болуы мүмкін екендігінен қауіптенген Израильде ерекше жағдай жарияланған. Израиль мен Иранның әуе кеңістігі жабылған.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Израильден кек қайтарамыз деп сес көрсетті. Хаменеидің сөзінше, Израиль "қатаң жаза" күтуі керек.

Израиль әскерінің тұжырымдауынша, Иранда бірнеше күн ішінде бомба жасауға мүмкіндік беретін байытылған уран бар.

azattyq.org

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow