Қазақстанда тағы тоғыз банк жабылу алдында тұр

Елімізде қазіргі уақытта тоғыз банк таратылу кезеңінде тұр. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) «дәлелді себептер» бойынша өтемақы төлеуге өтінім қабылдауды жалғастырып жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қор 40 салымшыға 60 млн теңгеден астам өтемақы төледі. Бұл қаражат өтінім беру мерзімін өткізіп алған, бірақ себептерін растайтын құжаттар ұсынған салымшыларға жеке қаралғаннан кейін төленген.
Жабылғалы жатқан банктер тізіміне «Валют-Транзит Банк», «Казинвестбанк», Delta Bank, Qazaq Banki, Эксимбанк Казахстан, Астана банк, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan кіреді.
Бұл банктер бойынша өтемақы төлеу мерзімі аяқталған. Талап етілмеген сомалар салымшылардың атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке шоттарына аударылған. Дегенмен, өтініш беру мерзімін өткізіп алған, бірақ оған дәлелді себептері бар азаматтар өтемақы алу үшін әлі де өтініш бере алады.
Дәлелді себептер қатарына әскери қызметке шақырылу, Қазақстан аумағынан тыс жерде болу, мұрагерлік рәсімдеу, бас бостандығынан айыру орындарында болу және сотпен белгіленген өзге де мән-жайлар жатады.
Өтемақы алу құқығын растау үшін әрбір себепке сәйкес келетін құжаттар қажет. Мысалы, әскери қызметті өткеру туралы әскери бөлімнен анықтама, елден тыс жерде болу туралы паспорттағы мөр немесе шетелге шыққанын растайтын белгі, мұрагерлікке байланысты нотариалды куәлік немесе сот шешімі ұсынылады.
Маңыздысы ұсынылған құжаттар салымшының өтемақы алуға өтініш бере алмай жүрген кезеңді толық қамтуы тиіс. Бұл мерзім банк лицензиясынан айырылған күннен бастап есептелетін бір жылдық уақыт аралығы.
Өтінішті азаматтар ҚДКҚ кеңсесіне барып немесе пошта арқылы жолдай алады. Пошта арқылы жіберген жағдайда өтініш иесінің қолы нотариалды куәландырылып, жеке куәліктің көшірмесі қоса тіркелуі керек. Қор өтініштерді бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Егер өтініш мақұлданса, қаражат салымшының банк шотына аударылады. Ал бас тартылған жағдайда қор өтініш иесіне бас тарту себебін түсіндіріп, құжаттағы қателіктерді түзету жөнінде ұсыныстар береді.
Қазіргі таңда 148 мың салымшы өтемақы алып, 113 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл көрсеткіш қордың барлық міндеттемесінің 98 пайызын құрайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






