Тарихи жаңалық: Қазақстанда қола дәуірінің алып «мегаполисі» табылды
Археологтар Қазақстанның солтүстік-шығысында бұрын-соңды кездеспеген, ауқымды Жетіжар (Семиярка) ежелгі қонысын тапты. Б.з.д. 1600 жылдары гүлденген бұл мекен 140 гектар аумақты алып жатыр, деп хабарлайды Sadaq.kz. Кембридж университетінің Antiquity журналында жарияланған зерттеу Еуразия даласындағы ежелгі халықтардың тек мал бағу мен көшіп-қонумен шектелмей, әлемдік деңгейдегі дамыған қалалар сала білгенін дәлелдеп отыр.
Бұл бірегей орынды 2000-жылдардың басында Торайғыров университетінің докторы Виктор Мерц тапқан болатын. Сол кездегі алғашқы болжамдар бойынша қала аумағы небары 40 гектар деп есептелді. Алайда жүргізілген соңғы халықаралық зерттеулер қаланың нақты көлемі үш есе үлкен (140 га) екенін көрсетті.
Семияркадағы жәдігерлер. Жоғарғы сол жақта — жалпы жәдігерлер; жоғарғы оң жақта — қыш бұйымдар; төменгі сол жақта — металдар.
Жетіжардың ең басты сенсациясы — оның алып металлургиялық орталық болуында. Археологтар мұнда далалық металлургтердің күрделі өндірістік жүйені меңгергенінің дәлелін —қалайы мен қола балқытатын тигельдер мен шлактарды тапқан. Лондон университеттік колледжінің (UCL) доценті Милиджана Радивоевич бұл жаңалықтың бірегейлігін былай түсіндірді:
«Еуразия даласында қалайылы қола өндіруге арналған тек бір ғана жарияланған орын бар болатын. Бұл — екіншісі».
Жетіжардан табылған қола балта (Фото: Виктор Мерц)
Қаланың Алтайдағы мыс пен қалайы кен орындарына жақын орналасуы оны Орталық Азиядағы маңызды логистикалық хабқа айналдырды. Шикізат 300 шақырым жерден Ертіс өзені мен дала жолдары арқылы жеткізіліп отырған. Профессор Дэн Лоуренстің пайымдауынша, бұл бағыт Ұлы Жібек жолының ежелгі прототипіне айналып, стратегиялық дәліз қызметін атқарды.
Кейінгі қола дәуірінің қыш бұйымдарына қарап, ғалымдар мұнда Шеркескөл (б.з.д. 1600-1250 ж.ж.) мен Алексеев-Сарығары (б.з.д. 1500-1100 ж.ж.) мәдениеттері тоғысқан деп есептейді. Тұрғындар металл өндірумен қатар егін егіп, мал баққан, балық аулаумен және аңшылықпен айналысқан.
Бүгінде бұл зерттеу DREAM халықаралық жобасы аясында UCL, Дарем университеті және Торайғыров университетінің бірлескен күшімен жүзеге асырылуда. Жобаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Британ академиясы мен ERC қолдау көрсетіп отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0