Халықаралық Қылмыстық Сот «Талибан» басшыларын тұтқындауға ордер берді

Халықаралық Қылмыстық Сот «Талибанның» басшыларын тұтқындауға қатысты ордер шығарды.
Ордер «Талибан» басшысы Хайбатулла Ахунзаде мен тәлібтердің бас судьясы Абдул Хәкім Хакканиге қатысты болып отыр.
Олар Халықаралық қылмыстық сот тарапынан бірнеше баппен айыпталуда. Соның ішінде әйелдердің құқығын өрескел бұзу, саяси талаптар бойынша азаматтарды қудалау секілді айыптар бар. Этникалық сипат бойынша да қуғындау фактілері тіркелген. Хазар және тәжік ұлттарын қудалағаны айтылады.
Қазіргі таңда Ауғанстан әйелдердің құқығы тапталған мемлекеттердің ішінде көш бастап тұр.
Тәліптер 2021 жылы Кабулды басып алған соң, әйелдердің құқығын өрескел бұзды. Қыз-келіншекке түрлі салаларда жұмыс істеуге, қоғамдық орындарда қатты сөйлеуге, 12 жастан кейін білім алуға шектеу қойды. Ер адамның қарауынсыз көшеге шығуына тыйым салды.
Өз кезегінде «Талибан» сот шешімін қабылдамайтынын айтып, ордерді «дұшпандық әрекет», «мұсылмандардың сенімін қорлау» деп атады. Бұған дейін БҰҰ тәліптердың ережелерін «гендерлік апартеид» деп бағалаған болатын. Ал «Талибан» өз әрекетін ауған дәстүрлеріне сай деп түсіндіреді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






