ХАМАС кепілге алынған тұтқындарды босата бастады

Дүйсенбі, 13 қазан күні палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда кепілге алған израильдіктің жетеуін босатты, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Израиль әскері ХАМАС қолындағы 20 кепіл тұтқынның жетеуі Қызыл Крест ұйымына берілгенін мәлімдеді.
"Қатты қуанып тұрмын. Бақытқа бөленіп отырмын. Қазіргі көңіл-күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Түні бойы ұйықтамадым" деді босатылған тұтқындардың бірі Нимрод Коэннің анасы Вики Коэн.
Қалған 13 адам мен кепілде қаза тапқан 26 адамның сүйегі де бүгін берілуге тиіс. Ал Израиль өз аумағында қамауда отырған 2000 адамды босатпақ.
Газада Насер ауруханасының алдына оннан астам қаруланған ер адам жиналды. Маска тағып, қара киінген бұл топ ХАМАС жауынгерлеріне ұқсайды. Аурухана алдында сахна орнатылып, орындықтар қойылған. Израиль босатқан палестиналықтарды осы жерден қарсы алмақ.
"Осы кадрлар соғыстың аяғы болады деп үміттенемін. Достарымыздан, туыстарымыздан айырылдық; үйлерімізден, қаламыздан айырылдық" деді 57 жастағы Емад Әбу Жудат. Алты баланың әкесі тұтқын алмасуға дайындықты телефоннан бақылап отыр.
Тұтқын алмасу – өткен аптадағы бейбітшілік келісімінің маңызды шарты. Бұл келісім Египеттің курортты қаласы Шарм-эль-Шейхте жасалған. Бүгін Трамп пен өзге лидерлер осы қалада бас қосуға тиіс.
Екі жылға ұласқан соғыс кезінде Газа қирандылар астында қалды. Ондағы халық түгел дерлік баспанасыз қалып, мұның арты гуманитарлық апатқа ұласты.
ХАМАС қолындағы кепіл тұтқындар Израильдің Рейм дейтін лагеріне жеткізіледі. Сол жерден оларды ауруханаға алып барады. Лагерь алдына көптеген адам жиналып, Израиль туын желбіретіп тұр.
Ал Израиль өз аумағында түрме жазасын өтеп жатқан 1966 палестиналық азаматты автобусқа мінгізді. Олар бүгін Газадағы Насер ауруханасына жеткізіледі.
Қақтығыс 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге тұтқиылдан шабуылдағанда басталған. Сол шабуылда ХАМАС Израильдегі 1200 адамды өлтіріп, 251 адамды кепілге алып кеткен. Израиль бұған жауап ретінде Газада ірі әскери операция бастады. Салдарынан Газадағы көпқабатты ғимараттың басым бөлігі қирандыға айналды. Газа денсаулық сақтау мекемелері Израиль шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық опат болғанын айтады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






