«Көзі, миы, көмейінің жартысы жоқ»: Сұмдық жағдайда қаза тапқан журналистің денесі еліне оралды

Сәуір 30, 2025 - 11:55
«Көзі, миы, көмейінің жартысы жоқ»: Сұмдық жағдайда қаза тапқан журналистің денесі еліне оралды
фото: әлеуметтік желіден

Украиналық журналист Виктория Рощина Ресейдің Украинаға басып кіруі басталған сәттен бастап, осы жағдайға қатысты ақпараттарды белсенді таратып келген еді. Алайда 2023 жылдың тамызында ол Ресей әскерилері бақылауындағы Мариуполь қаласына барған сапарынан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен болатын, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Тек бір жылдан кейін, 2024 жылдың мамыр айында Ресейдің Қорғаныс министрлігі оның ұсталғанын және қазіргі таңда Ресей аумағында екенін ресми түрде растады. Ал арада бірнеше ай өткенде, сол жылдың қазанында Викторияның ата-анасына оның қаза тапқаны туралы қаралы хабар келіп жетті.

Ресми мәліметке сәйкес, Рощина Таганрог қаласынан Мәскеуге этаппен жеткізу кезінде көз жұмған. Бір қызығы, Таганрогтағы СИЗО-2 тергеу изоляторында оның жанында отырған тұтқындардың бірі Рощинаның денсаулығы тым нашарлағанын айтқан – ол кезде журналистің салмағы бар болғаны 30 келіге түсіп кеткен, денесінде электр тогымен азаптаудың іздері мен пышақтан қалған тыртықтар болған көрінеді. 2025 жылдың ақпан айында Викторияның мәйіті Украинаға қайтарылған.

Оның денесі Винницадағы мәйітханаға “НМ СПАС 757” (НМ – белгісіз ер адам, СПАС – жүрек артерияларының зақымдануы) деген белгісі бар қапшықта жеткізілген. Мәйіт ашылғанда, оның қатты мұздатылғаны және кахексия – қатты әлсіреу мен ашығу белгілері байқалған. Аяғына тағылған биркада “7390 Рощина В.В.” деп жазылған.

Украина Бас прокуратурасының өкілі Юрий Белоусовтың айтуынша, сот-медициналық сараптама нәтижесінде Рощинаның денесінде көптеген азаптау белгілері анықталған: денесі көгерген, жарақаттар бар, бірнеше қабырғасы сынған, мойны мен аяқтарында да зақымдану іздері байқалған.

Тергеу дереккөздеріне сүйенсек, оның тіласты сүйегі сынған, ал қайтарылған денесінде кейбір маңызды ағзалар – көз алмалары, миы және көмейі жоқ болған. Бір сарапшының пікірінше, бұл ағзалар адамның тұншығып қайтыс болғанын дәлелдеуге мүмкіндік беретін негізгі айғақтар, сондықтан оларды алып тастау – қылмыстың ізін жасыру әрекеті болуы мүмкін. Тағы бір дереккөздің мәлімдеуінше, Ресей кей жағдайда украиналық тұтқындардың денелерін ішкі ағзаларсыз қайтарады – бұл да азаптау іздерін жасырудың бір тәсілі ретінде қарастырылады.

Ал ресейлік тарап мұны “өліктермен жұмыс істеу үшін қажет” деп түсіндіреді. Алайда, Юрий Белоусовтың айтуынша, Рощинаның өліміне не себеп болғанын украиналық сарапшылар әлі анықтай алмай отыр – дененің күйі мен ресми құжаттардың жоқтығы тергеуге кедергі келтіруде.

Ресей Қорғаныс министрлігі марқұмның әкесіне жолдаған хатта өлімнің нақты себебі де, куәлік те көрсетілмеген. 

Журналистің әкесі Владимир Рощин қызының нақты тағдырын білу үшін Ресейдің түрлі мекемелеріне бірнеше рет ресми хаттар жолдаған. Алайда бірде-бір толыққанды жауап ала алмаған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow