«Құрбысы ес-түссіз қызымды жігіттердің ортасына тастап кеткен»: Қызын 5 жігіт зорлаған әке әділдік іздейді

Мамыр 27, 2025 - 17:00
Мамыр 27, 2025 - 17:02
«Құрбысы ес-түссіз қызымды жігіттердің ортасына тастап кеткен»: Қызын 5 жігіт зорлаған әке әділдік іздейді

16 жастағы қызды зорлаған деп күдікке ілінген 5 бозбаланың үшеуі ұсталып, қамалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленушінің әкесі қалған екі жігіттің тергеуге куә ретінде қатысқанын айтады.

«Өткен 14 ақпанда қызым құрбысымен бірге қыдыруға үйден шығып кетті. Біз бір жамандыққа ұшырап қалады деп ойламадық. Сол кеште кәмелетке толмаған 5 бала ойларына келгенін істеп, қызымды пәтерде зорлаған. Таңертең тұрғанда есі кіресілі-шығасылы болып тұрған қызым  олардан такси шақырып беруін сұраған. Ішіндегі біреуі такси шақырып берген. Кетерде «ешкімге тіс жарушы» болма деп қорқытқан. Қорлыққа шыдамаған қызым сол пәтердің терезесінен секіріп кетуді де ойлаған. Үйге келгенде көңіл-күйі болмай, мазасызданып жүрді», – деді ер адам.

Айтуынша, қыздың видеосы жеткіншектер арасында тарап кеткен.

«Болған жағдайды 25 ақпанда туыстарымыздың балаларынан естідік. Видеосы тарап кетіпті. Менің қызымды қорқытқан. Көңіл көтеретін орында сусынына дәрі қосып берген деп ойлаймын. Құрбысы ес-түссіз қызымды жігіттердің ортасына тастап кеткен. Өзіміз естігеннен кейін полицияны үйге шақырып, арыз жаздық»,-деді ол.

Оның сөзінше, жасөспірім қыздың жағдайы жақсармаған. Ата-анасы мен психолог көмектесіп жатыр.

Ер адамның айтуынша, күдіктілердің арасында «прокурордың баласы» болған көрінеді. Ол заңнан қорықпайтынын, өзінің жазасыз қалатынын қыздың өзіне айтқан.

«Қызыма: «Прокуратурада ағаларым бар, айтатын болсаң, бір-екі ай отырам да шығамын»,-деп айтқан. Қазір үш жігіт қамауда отыр, ал екеуі қандай-да бір себеппен куәгер болып жауап берді. Бірақ олар зорлағандардың ішінде бар. Сондықтан мен бес бала бірдей және қызымның құрбысы жауапкершілікке тартылуы керек деп есептеймін. Медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Қазір үш ай болды. Іс созылып жатыр. Құрбысы болмаса осындай жағдайға тап болмас едік деп ойлаймын», – деді қыздың әкесі.

Қарағанды облысының полиция департаменті редакцияға болған оқиғаға байланысты жауап берді.

«Өткен ақпанда қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері үш күдіктіні анықтап, ұстады. Оларға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Қалған қатысушыларға қатысты тергеу әрекеттері жалғасуда. Қазіргі уақытта жан-жақты әрі мұқият тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар кешені тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданатын болады. Іс Қарағанды облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында тұр», – деді полиция өкілі.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow