Ләззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы ретіндегі қызметін аяқтады

Ләззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы ретіндегі қызметін аяқтады, деп жазады Sadaq.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Барша бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі деп есептеймін. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін.
Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін», - деді Ләззат Танысбай бүгін Корпорацияның жетекшілерімен кездесуінде.
Л.Танысбай құрамына 20-дан астам теле және радиоарна кіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді.
Ләззат Танысбай бүгіннен бастап «Евразия» Бірінші арнасына» жетекшілік етеді.
«Евразия» Бірінші арнасы» 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан республикалық телеарна. Квазимемлекеттік медиаұйым бүкіл Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Көрермендер ауқымы бойынша отандық телеарналар арасында алғашқы үштікке кіреді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






