Малы қырылған Маралды халқы әкім орынбасарын арықтан су ішуге мәжбүрледі

Шығыс Қазақстан облысындағы малы қырылған Маралды ауылының тұрғындары су мен топырақтан алынған сынама қорытындысы өтірік дейді. Себебі зертханалық сараптамада ешқандай қауіпті элементтер жоқ деп жазылған екен. Осы қағазды ұстап облыстың басшылары ауыл халқымен кездесуге келген. Алайда алтын фабрикасынан мал-жан ауру жұқтырып жатыр деген ауыл халқы атқамінерлерді арықтан су ішуге мәжбүрледі, деп жазады sadaq.kz сайты КТК теларнасына сілтеме жасап.
Шығыстағы шенеуніктер тайлы-тұяғымен Маралды ауылына ат басын бұрды. Олар құры бармай қолына сараптама қорытындысын ұстап алыпты. Онда су мен топырақтан алынған сынамада қауіпті элементтер жоқ деп жазылған екен. Алайда ауыл халқы атқамінерлердің бұл сөзіне сенбеді.
"Барсын, осы жігіт. Міне мына жерден су ішсем, организмге зиян жоқ деп, бақырды алсын да, ана бұлақтан бір бақыр, мына бұлақтан бір бақыр фабриканың маңынан су ішсін".
Тұрғындар, төрт түлік алтын фабрикасынан шыққан қалдықтардан уланып жатыр деп есептейді. Бұл аздай алтын өндіру кезінде ауылды шаң-тозаң басып, терезе түгілі, далаға шығудан қаламыз дейді жиналғандар. Сондықтан олар экологиялық қорытындының таза шыққанына сенбеді. Тіпті облысы әкімінің орынбасары мен экологты жетелеп жүріп бұлақтан су ішуге мәжбүрледі.
Бұған дейін жұрттың жайылымдағы ірі-қарасы белгісіз кеселден арам қатқан еді. Торпақтардың өлексесі фабриканың маңынан табылған. Сондықтан жұрт осы жерден шығатын қалдық су өзенге қосылып, соны ішкен мал өліп жатыр деп топшалады. Ал өлекседен сынама алған мал дәрігерлері әзірге қауіпті инфекция анықталмағанын айтады.
"Қазіргі таңда Сібір жарасы теріс нәтиже берді. Жұғынды алып тексергенде пастереллез теріс нәтиже берді. Бірақ басқасы да бар. «Биологиялық проба» деп аталады. Бұл тұрғыда заң бойынша он күн тосуымыз керек. Сондықтан үші күні нәтижесі шығады", дейді ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов
Өрістегі малдың нақты неден қырылғаны әлі белгісіз. Ал жергілікті билік биологиялық сараптама қорытындысы шыққанша, ауыл халқын сабыр сақтауға шақыруда.
Сіздің реакцияңыз қандай?






