МӘМС-ке қатысты берілген нақты ұсыныстар орындалмай отыр - Дания Еспаева
Денсаулық сақтауға шығыстардың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, адамдардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендеп барады. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлім етті, деп жазады sadaq.kz.
"Бүгінгі Үкімет сағатының тақырыбы өте өзекті. Жылдың басында депутаттардың халықпен кездесуінде барлық аймақтарда медициналық қызмет көрсетудің сапасының төмендігі туралы көп айтылды. Бұл мәселе сарапшылардың қатысуымен 2024 жылы желтоқсанда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында жан-жақты талқыланған. Нәтижесінде, бірқатар ұсыныс айтылып, ұсынымдар әзірленген болатын. Мәселен, Қоғамдық палата міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі арасындағы медициналық қызметтердің аражігін ажыратуды етене пысықтауға, денсаулық сақтау жүйесі қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға назар аударды. Сондай-ақ коммуналдық шығыстардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дәрі-дәрмектердің бағасының өсуі және басқа да шығындарға байланысты медициналық қызметтер үшін тарифтерді қайта қарауды ұсынды, - деді Д. Еспаева Мәжілістегі МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, денсаулық сақтауға шығыстардың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, азаматтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендеп барады. Кейінгі 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген.
"Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсіп жатқаны туралы үнемі есеп береді. Олардың деректері бойынша консультациялық–диагностикалық қызметтер саны, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есе өскен. Алайда диагностикалық қызметтердің өсуі ауруды ерте анықтауға ешқандай әсер еткен жоқ. Тіпті, кейбір жағдайларда бұл қызметтер қажеттіліктің жоқтығына қарамастан тағайындалған. Аталған саланы қаржыландыру көлемі ұлғайса да шешімін таппаған жүйелі проблемалар әлі бар", - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселелердің қатарында халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыруға деген қызығушылығының төмендігі, саланы цифрландыру деңгейінің әлсіздігі проблемасы бар.
"Айта кету керек, біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамытудың проблемалары мен перспективаларын 2023 жылдың қазан айында өткен Үкімет сағатында талқылаған болатынбыз. Оның қорытындысы бойынша министрлікке нақты ұсыныстар берілген, алайда басым бөлігі орындалмай қалды. Мысалы, медициналық қызметтерді тұтынудың ғылыми негізделген ең төменгі стандарттары әзірленбеген, тарифтер ішінара қайта қаралған, бірақ оларды тұрақты индексациялау жүргізілмеген, сақтандырылмаған халық саны қысқармаған. Ал ұсыныстардың бір бөлігі әлі де орындалу процесінде", - деді Дания Еспаева.
Сіздің реакцияңыз қандай?