«Мені өлтіре алмадың»: Руслан Берденов сотта Ернар Жиембайды орнына қойды

Бүгін Шымкентте Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Бұл жолы Берденовтың өзі онлайн режимде қатысып, оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Ол сотталушы Ернар Жиенбаймен үш рет, екі жиналыста және өзіне шабуыл жасалған күні кездескенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, алғашында кім атып жатқанын білмеген, бірақ Жиенбайдың қолындағы қаруды көрген.
«Мен автокөліктің ар жағына өтіп, отырып үлгердім. Бірінші оқ капоттан өтті. Артқы жақтан тағы төрт рет оқ атылды, төртеуі де маған тиді. Мен іштей «қазір орныңнан тұрмасаң, өлесің» дедім. Жиенбай екеуміз алыса кеттік, оның қолында қарудың жерге құлағанын естідім. Осыдан кейін ол қашуға әрекет жасады. Бірақ менің жүргізушім оны мәшинемен қақты. Ол кезде қолында қару жоқ болатын», — деді Руслан Берденов.
Бұдан кейін оның қасына қыздар жүгіріп келген, ал өзі тілін кәлимаға келтіре бастаған. Сотталушы Берденовтен бірнеше рет кешірім сұрап:
«Мен сізді өлтіру үшін осындай қатыгездік көрсеттім бе?» — деді. Оған Берденов: «Мен қарсылық көрсеткен соң өлтіре алмадың», — деп жауап берді. Ернар Жиенбай: «Мен түрмеден шыққан соң еркек сияқты алдыңызға келіп кешірім сұраймын», — деді. Берденов: «Егер сен еркек болсаң, лас әңгімеге әйеліңді араластырмас едің», — деп жауап берді.
Жәбірленушінің айтуынша, әлі күнге дейін оның денесінде 61 бытыра бар. Біреуі жүрегінен небәрі 13 см, тағы біреуі бауырынан 0,3 см, мойнындағы негізгі артериядан 0,2 см тұсында тұр. Дәрігерлер операция кезінде бауырын жаңадан қалпына келтіріп, өкпесінің 20 пайызын алып тастаған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






