«Өзі бірінші оң жақ тұсыма пышақ сұқты»: Нұрай Серікбайдың ісі бойынша айыпталушы оқиғаны баяндап берді
Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі өтіп, айыпталушы сот отырында өзінің куәлігін жасады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
28 шілдеде өткен сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан жауап беріп, Нұрай Серікбаймен 2025 жылдың шілде айынан бастап кездескендерін айтты.
Оның сөзінше, кездесіп жүрген уақытта Нұрайға бірнеше рет қаржылай көмек көрсетіп, түрлі сыйлықтар сыйлаған.
«Шымкентте жүрген кезінде оған 350 мың теңге қолма-қол ақша бердім. Бұдан бөлек те сыйлықтар алып тұрдым. Нұрай ай сайын Алматыға барып тұруымды талап ететін», – деді сотталушы.
Айыпталушының айтуынша, 2025 жылдың 4 қазанында екеуі шаңырақ көтеруге шешім қабылдап, Алматыдан Шымкентке бірге барған. Сол кезде қызды өз үйіне апарып, қолхат жаздырғанын жеткізді. Ол мұны қазақтың салт-дәстүрімен байланыстырды.
Сондай-ақ, Нұрайдың анасы мен екі ағасы олардың қарым-қатынасынан хабардар болғанын айтты.
«Алғашқы кездесуге анасы тігіп берген көйлекті киіп шықты. Анасы рұқсат берген соң ғана кездестік. Анасы мен ағалары Димаш пен Сұлтан біздің кездесіп жүргенімізді білді. Менің Нұрайдың жұмысына барып жүргенімді де көрген», – деді ол.
Шерхан Аймаханның сөзінше, 2026 жылдың 11 қаңтарында ол Нұрай Серікбаймен арадағы қарым-қатынасты тоқтату үшін кездесуге шақырған.
Ол қоштасу кезінде сақинаны қайтармақ болғанын, алайда Нұрай ашуланып сақинаны көшеге лақтырып жібергенін айтты.
«Қоштасатынымды айтқаннан кейін Нұрай маған ашуланып, кеудемнен ұрып, боқауыз сөздер айтты. Қалтамда екі пышақ болды. Кішкентайын алып, "ұрғанша, пышақта" деп бердім. Ол пышақты алып, оң жақ тұсыма сұқты. Сол сәттен кейін не болғанын есімде сақтай алмадым», – деді сотталушы.
Қазіргі уақытта сотта айыпталушыдан жауап алу жалғасып жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0