Оңтүстік Кореяда әскери төтенше жағдай жарияланды

Кейінгі жылдары Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасы қатты суып кетті.

Желтоқсан 3, 2024 - 21:51
Желтоқсан 3, 2024 - 21:53
Оңтүстік Кореяда әскери төтенше жағдай жарияланды
Фото: Lee Jin-man/AP/picture alliance

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль сейсенбі күні әскери уақыттағы төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлайды.

Басылым мәліметінше, президент елді "коммунистік күштерден" қорғау мақсатында осындай шешім қабылдағанын айтқан.

Юн нақты қандай шара қабылданатынын айтпады. Ол парламентте көп орынға ие болған оппозициялық Демократиялық партиясының ұсынысына сүйенген. Партия бас прокурорға импичмент жариялауды, үкіметтің бюджет жөніндегі ұсынысын кері қайтаруды талап еткен. 

"Либерал Оңтүстік Кореяны Солтүстік Кореяның коммунистік күштері төндірген қауіптен қорғау, мемлекетке қарсы элементтерді жою үшін әскери төтенше жағдай жариялаймын", - деп мәлімдеді Юн тікелей эфирде халыққа үндеуінде. 

Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде әскери жағдай енгізу "азаматтардың еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет шара" деп мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, әскери жағдай азаматтарға қолайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ билік мейлінше жағдай жасау үшін күш салады. Бұл уақытта республиканың қорғаныс министрлігі қарулы күштердің барлық қолбасшысымен жиналыс өткенін, оларға дайындықты күшейту, қарулы күштерді дайындау жөнінде нұстау берілгенін хабарлады. 

Кейінгі жылдары Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасы қатты суып кетті. Бұған КХДР-дың қайта-қайта баллистикалық зымыран сынауы, Корея Республикасының одақтас елдермен бірге әскери жаттығулар ұйымдастырғаны да әсер етті. Парламент спикері қазір парламент ғимаратына барып, сессия шақыруды көздеп отыр, деп хабарлайды YTN TV.

Алайда Yonhap ақпарат агенттігінің хабарлауынша, парламенттің алдына бөгет қойылған, сол себепті депутаттар ғимаратқа кіре алмай тұр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow