Павлодарда анасы терезеден лақтырған балалардың жағдайы белгілі болды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Павлодарда терезеден құлап кеткен екі бала мен әйелдің қазіргі жағдайынан хабардар етті. Бұл туралы sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, балалар жедел жәрдеммен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
"2024 жылы туылған бала клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Қабылдау бөлімінде реанимациялық шаралар жүргізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Үшінші дәрежелі есеңгіреу салдарынан жағдайы өте ауыр, ауқымды ми жарақатын, бас сүйегінің көптеген жарақатын алған, миы соғылған, ішкі ағзаларына зақым келген", – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарламасында.
2017 жылғы бала да ауруханаға ауыр халде түскен. Оған жабық бас сүйек-ми зақымы, миы шайқалған, жамбас сүйектері сынған, ішкі азғалары зақымданған деген диагноздар қойылған.
"Барлық қажет ем-шаралар мен диагностикалық шаралар жүргізіп жатыр", – делінген хабарламада.
Әйелдің де жағдайы ауыр болғанымен, дәрігерлердің айтуынша, ол есін біледі екен.
"Жабық бас сүйек-ми зақымын алған, қол-аяғы сынған. Жансақтау бөлімінде жатыр. Қарқынды терапия жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Сіздің реакцияңыз қандай?






