«Қазақтар қай жүзден екенін сұрайды»: Елімізде әйелдер сперма донорын қалай таңдайды?
Репродуктивті медицина институтының уролог-андролог дәрігері Роман Безруков Қазақстанда сперма доноры болу жайлы бірнеше маңызды сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Уролог қандай ер адамдар сперма доноры бола алатынын айтты.
«Ол 18-35 жас аралығындағы дені сау ер адам болуы керек. Сондай-ақ оның созылмалы аурулары мен зиянды әдеттері болмауы керек. Ер адам толыққанды тексерістен соң ғана донор болуға жіберіледі», - дейді ол.
Дәрігер көпшілік ер адам ақшасы үшін донор болатынын жасырмады.
«Бір рет сперма порциясын тапсыру 40 мың теңге тұрады. Ұстап қалатын салығын есептегенде, қолға 36 мың теңге алады. Алайда одан бизнес жасау мүмкін емес. Біз максимум 20-25 порция қатырып қоя аламыз. Одан дүниеге келген бала саны 10-ға жеткенде, қалған сперма порциясы жойылады», - дейді Роман Безруков.
Әйел донордың суретін көре алмайды. Алайда егер донор қарсы болмаса, оның бала кезіндегі суретін көрсете алады.
«Қазақтар үшін бойы, шашының түсі және басқа да белгілерден бөлек ер адамның қай жүзден екенін білу маңызды. Ал орыстар оның шашының қою немесе ашық екенін білгісі келеді. Біз донорлардың жүзін сұрап, жазып аламыз.
Әдетте біз донор спермасын отбасылы жұптарға береміз. Әсіресе, ер адам бедеулігі бар немесе мансап жолында жүріп, репродуктивті жасты өткізіп алған әйелі бар отбасыларға береміз. Жиі жасы ұлғайған әйелдер келеді. Қазір келетін жалғызбасты әйелдер де көп», - деді уролог-андролог.
Сіздің реакцияңыз қандай?